$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Сайлауда заңбұзушылыққа жол жоқ - ОСК

03.03.2023ж. 20:00
820
Сайлауда заңбұзушылыққа жол жоқ - ОСК

Сайлау заң аясында өтуі тиіс. Бұл үшін жергілікті сайлау комиссиялары алдағы саяси науқанға тас-түйін дайын болуы керек. Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы осылай деді. Нұрлан Әбдіров өңірдегі сайлау учаскелерін аралап, дайындығымен танысты. Учаскелердегі комиссия мүшелерінің сайлау туралы заң мен дауыс беру тәртібінен қаншалықты хабардар екенін де тексерді. Өйткені биылғы сайлау тартысты болмақ. Мысалы, өңірде 532 кандидат тіркелген. Ал облыстағы бір мандатты округтен 11 адам Мәжіліске барудан үмітті. Сондықтан ұйымдастыру жұмыстары жиі пысықталып, заңбұзушылыққа жол берілмеуі тиіс.

Елдос САФУЛЛИН, №23 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сайлауға дайындық қазір өте жақсы деңгейде жүргізіліп жатыр. Қазір жиі-жиі оқытуда облыстық сайлау комиссиясы, қалалық сайлау комиссиялары барлық округтерді және учаскелік сайлау комиссияларын үйретіп оқытудан өткізуде.

Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Орал қаласында арнайы семинар өткізді. Жиын кезінде сайлаушылардың дауыс беру процесінен қалыс қалмауы пысықталды. Бүгінде аймақта 504 сайлау учаскесі құрылған. 400 мыңнан астам тұрғын дауыс беру құқығына ие.

Шафхат ӨТЕМІСОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Басты назар аударып отырғанымыз -оқыту мәселесі. Осы сапарымызда бір нақты назар аударып отырған мәселе- практикалық әдістемелік форматта өтетін ойындар. Бұл ойындарда сол сайлау күні қандай да бір проблема туып қалған жағдайда қандай шара қолдану қажет? Соған үйретіп жүрміз.