ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев пен өңірлер өкілдері бастаған қазақстандық делегация Тәжікстанда жұмыс сапарымен болды. Нәтижесінде тараптар маусымаралық кезеңде Тәжікстаннан Қазақстанға ерте пиязды жеткізу туралы келісімге қол қойды.
Сапар аясында ҚР Бірінші вице-министрі Тәжікстан Үкіметі жанындағы экспорт агенттігінің басшысы Бахриддин Сироджиддинзодамен, Тәжікстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің бірінші орынбасары Ашурба Солехзодамен, сондай-ақ Тәжікстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Нигина Анваримен кездесті. Келіссөздердің негізгі тақырыбы - қазақстандық нарықты алдағы маусымаралық кезеңде қажетті көкөніс-жеміс өнімдерімен қамтамасыз ету.
Арман Шаққалиев атап өткендей, бүгінгі таңда елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қатынастар нығая түсуде. Мәселен, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 1,4 млрд долларды құрады. Қазақстаннан Тәжікстанға экспорт көлемі 9,7% - ға артып, 877,6 млн долларға жетті.
Тараптар сауда саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға келісті.