Алматыда
жекеменшік автобустарға кондукторлар қайта оралды. Электронды төлем жүйесінің
енгізілгеніне небары 9 ай ғана болды. Бірақ мегаполистің жекеменшік автобустары
тәртіпке бағынар емес. Жолаушылардың сөзінше, қазір кейбір автобус парктері
жолақысын қолма-қол жүзеге асыратын бақылаушыларды жұмысқа алған. Олар жолақы
ретінде 80 теңге санап алып, «Оңай» төлем жүйесінің құрылғысын мүлдем сөндіріп
тастайтын көрінеді.
Жолаушыларды
айғайлап шақырып, қолма-қол төлем жүргізетін кондукторлардың жұмысы бірнеше ай
бұрын басталып кеткен. Мұндай қадамға алдымен жекеменшік автопарктің өкілдері
барды. «Оңай» төлем жүйесі жұмыс істеп тұрғанымен, ол пайдаға асып жатқан жоқ.
Бұл іске көңілі толмаған кейбір тұрғындар төлем жүйесінің арнайы сайтында өз наразылықтарын жариялапты. Онда
автобуста алдымен «Оңай» билеті сатылатыны, содан соң оны кондуктор шыға берісте алып қалатыны жазылған. Электронды
төлем жүйесі қашан жөнге келеді деген көпшіліктің сұрағына көлік холдингінің
өкілдері жауап қатты. Айтуларынша, «Оңай» төлем жүйесін тексеретіндердің қатары
соңғы уақытта сейілген. Холдинг 5 жекеменшік автобус паркіне құрылғыларды
қадағалау құқығын бергендерін айтты.
Эльмира
Кіргеева, «Алматы қаласы көлiк холдингi» ЖШС баспасөз хатшысы:
Егер
жолаушылар «Оңай» төлем жүйесі арқылы жолақысын төлеген болса, олардан ешкімнің
қолма-қол жолақы сұрауға қақысы жоқ. Әрине, бұл жағдайда жолаушылардың құқы бұзылып отыр. Біз өз
тарапымыздан тасымалдаушыларға хат жолдаймыз. Барлық мәселе шешіледі деп
ойлаймыз.