Айлығы шайлығына жетпесе де, бірнеше банктен несие рәсімдейтіндер бар. Банкке берешегі табысынан асып кеткендер жетерлік. Бұл қаншалықты заңды? Тілшіміз Аружан Серік несие беру талаптарын білді.
Зейнеткер Ғалия Досжан бірнеше несиені мұқтаждықтан алған. Қазір балаларының жалақысынан жырып, өтеумен әлек.
Ғалия ДОСЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Шамамен 140 мың теңге алам. Пенсиям.
- Оның қанша теңгесін несиеге жұмсайсыз?
- Шамамен есептегенде, мен түгелін соған жұмсаймын.
Бір банктен екінші банкке шапқылап, қарызға батып жүрген жалғыз Ғалия емес. Банктердің жеке тұлғаларға берген несиелері 29,4%-ға өсіп, 13,9 трлн теңгеге жеткен.
Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Несие алушылардың жалпы саны - 6 868 мың адам. 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі- 5,6% немесе 461 млрд теңге. 90 күннен астам кешіктірілген қарыз алушылардың саны 536 мың адамға жеткен.
Несиені көпшілік «сыйлық» деп санайды. Табыс көрсеткішіне қарамай, тегін келіп жатқан дүниедей ала береді. Өтеуге келгенде өкінеді, қиналады.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Балам кредитта, сосын әже, мен, қыз балам кредитта. Менің алған кредитімді балам төлей алмады. Сосын конверт келеді үйге. Почему не платите деп. Оның жалақы түсетін банковский карточкасын блокировали, за то, что он не платил кредит.
- Қарапайым тілмен адамдарға, жақсылап түсіндіріп, сізді әрі қарай күтетін оның жағымды жағы қандай, нәтижесі қандай, оның минустары қандай, иә? Соның барлығын мына банк тарапынан да дұрыстап инструкция беру қажет.
Банк дегеніңіз несиені - табысыңызға, төлеу қабілетіңізге қарай бермейтін ба еді? Талабы солай. Бірақ өтініш берген клиенттің меселін қайтармайтынға ұқсайды. Шартында, егер ай сайын кредитті өтеуге Сіздің жалақыңыздың жартысынан көбі кететін болса, кредит берілмеу керек. Бірақ сонда да несие рәсімдегендер азаяр емес. Экономистер банктер енді мұндай қадамға бармайды деп отыр.
Ләззат ЖАНМОЛДАЕВА, ЭКОНОМИСТ:
Мына банкроттық жариялана бастағаннан кейін, адамдардың саны жағынан көбейе бастаса, олар жан-жақтан несие беруді, оңды-солды шашуды тоқтатады деп есептеймін. Банктердің ең басты несие беру қағидаты олардың кіріс көзіне байланысты. Сосын зейнетақы қорында олардың аударымдары болу керек.
Аружан ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Кредит - қиындықтан шығудың жолы емес. Керісінше, берешегіңізді бастан асырып жібереді. Сондықтан ойланып, төлеу қабілетіңізді есептеп, шешім қабылдаған абзал. Қарызды кредитпен өтеу мүмкін емес.