Кахраманмарашта басталған жойқын жер сілкінісінен 47 975 адам қаза тапты. Бұл туралы Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) басшысы Юнус Сезер мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолу агенттігіне сілтеме жасап.
Ю. Сезердің айтуынша, қазіргі уақытта Түркия азаматтары, сондай-ақ көршілес елдердің, әсіресе Сирияда жер сілкінісі құрбандарының жалпы саны 47 975 адам болды. Оның 6 278-і – шетелдік, негізінен Сирия азаматтары.
AFAD басшысы апат аймақтарында 3 мыңнан астам құтқарушы қалып, жұмысты жалғастырып жатқанын айтты.
«Аймақта жер асты дүмпулері әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан, біз құтқарушылар жасақтарын дайын ұстаймыз. Басқа елдерден тағы 300-ге жуық құтқарушы да сол жерде қалады», - деді Ю. Сезер.
6 ақпанда Түркияда эпицентрі Кахраманмарашта болған, магнитудасы 7 балдан асатын екі зілзала тіркелді. Жүздеген афтершокқа ұласқан жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясы мен көршілес елдерде, оның ішінде Сирияда сезілген.
Үйінділердің астынан іздеу жұмыстарына 88 елдің 11 мың құтқарушысы қатысты, олардың қатарында қазақстандықтар да болды.
Түркияға зілзаладан келген шығын $100 млрд асуы мүмкін. Бұл туралы Түркиядағы БҰҰ Даму бағдарламаларының өкілі Луиза Винтон хабарлады.
Мамандардың айтуынша, өңірде әлі жарты жыл бойы афтершоктар қайталанады. Түркиядағы жойқын зілзаланы болжаған нидерландылық зерттеуші Франк Хугербитс наурыздың басында жаңа апаттардың болуы мүмкін екенін ескертті.