$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралда төтенше жағдай жарияланды

13.03.2023ж. 20:00
1552
Оралда төтенше жағдай жарияланды

Оралда төтенше жағдай жарияланды. Облыс орталығында 17 нысанды су басты. Оның сегізі - тұрғын үй, қалғаны - әлеуметтік нысандар. Үйі суда қалған бір тұрғын қазір бала-шағасымен қонақүйді паналауға мәжбүр. Жағдайдың қиындауына еріген қар суын кінәлаған шенеуніктер ахуалдың әлі ушығатынын жасырмайды. Өйткені қала іргесіндегі Сарытауда қар мен мұз тез еріп жатыр. Өңірден Еркін Карин.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Оралдағы суға кеткен сегіз үйдің бірі осы. Жертөледегі су белуардан келетін. Қазір деңгейі біраз төмендеген. Мына сол кездегі судың межесі. Бірақ жертөлеге арнайы резеңке етік болмаса өту мүмкін емес.

Жертөлеге су кірген көпқабатты үйдің мыңға тарта тұрғыны кешеден бері қараңғыда отыр. Өйткені астыңғы қабаттағы электр желісіне су тисе, апат болуы мүмкін. Енді жарық жертөле судан тазартылған соң ғана беріледі.

Сағира ЕСҚАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Свет жоқ, қиын, иә. Бүкіл морозилка, холодильник бәрі сөніп жатыр ғой. Сосын сауда жасай алмай жатыр дүкендер. Бәрі тоқтап қалды свет жоқ болған соң.

Шенеуніктер қаланы су басуына ауа райын кінәлайды. Яғни күн күрт жылынып, қар тез еріген. Бұл аздай жердің тоңы қалың көрінеді. Осының салдарынан су жүретін арық тез толып, қызыл су жолға жайылған.

Жандос ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Деркөл мен Шаған өзендерінің деңгейі күннен күнге көтерілуде. Мысалы, өзім түнде сағат бірде Деркөлге қойған белгімді қарап кеттім. Жасыл пакетпен орап, бір ағашты қойып кеткем. Жаңа таңертең барып қарағанда сол белгі 25-30 сантиметрге өсіп кеткен. Әлі жоғарыда жатқан қар бар, мұз бар. Олар әлі де үлкен қарқынмен төмен қарай түсуі мүмкін.

Қала іргесіндегі саяжайлардың да жағдайы мәз емес. Бірақ бұл жақтағы үйлер суға кетсе, өтемақы төленбейді. Өйткені бұл жер бау-бақша егуге арналған дейді шенеуніктер. Бүгінде Орал қаласымен қатар, Бөрлі ауданында да төтенше жағдай жарияланды. Ал шенділер су басқан жағдайда паналайтын эвакуациялық бекеттер дайын екенін айтты. Тұрғындарды орналастыру үшін қонақүйлермен де келісімшарт жасалған.