Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Қарабас» оқу-жаттығу орталығында Ұлттық гвардия офицерлерінің жарысы өтті

AstanaTV
08.09.2016ж. 20:00
5323
«Қарабас» оқу-жаттығу орталығында Ұлттық гвардия офицерлерінің жарысы өтті

Лаңкестермен күрес. Осы мақсатта Қарағанды облысында ерекше оқу-жаттығу жиыны өтті. Облыс аумағындағы «Қарабас» оқу-жаттығу орталығында сарбаздар әскери техникаларды меңгеру бойынша шеберліктерін шыңдады. Өзара сынға түскендер арасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ауыр бронды техника жүргізушілері мен экипаж мүшелері бар. Атыс алаңындағы әскери сынаққа тілшіміз Айжан Қуаш та қатысып қайтты.

Атыс алаңына Ұлттық ұланның «Оңтүстік», «Шығыс», «Орталық», "Батыс" өңірлік қолбасшылықтарының үздік жауынгерлерінен құралған 7 топ шықты. Басты назарда БТР-80 техникасы. Экипаж мүшелері оны басқарып қана қоймай, жауға оқ жаудырып соққы жасады. Жауынгерлер нағыз майданда жүрмесе де, әскери оперцияларға қаншалықты дайындықтарын көрсетті.

Айжан Қуаш, тілші:

Брондалған техника жаяу әскерлермен бірге жүреді. Сондықтан ол кез-келген ор, соқпақ көпір, қисық жолдар мен төбелерде еш кідірмеуі тиіс. Ұлттық ұланның ауыр техника жүргізушілері бұл тапсырмаларды үздік орындап шықты.

Мұндай маңызды сынаққа өңірлік қолбасшылықтардың қару-жарақ саласын жетік меңгерген офицерлері мен мықты жауынгерлері қатысады. Көбісі әскер қатарында 10-15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқандар. Тапсырманы қалтқысыз орындаудың сыры осында. Дегенмен, бүгінгі операцияда Қарағандыдағы 6505 әскери бөлімі жауынгерлері шеберлік танытып, «Үздік экипаж» атанды.

Еркебұлан Тойшыбеков, ҚР Ұлттық «Ұлан» гвардиясы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы №6505 әскери бөлімі жауынгері:

Экипаж мүшелеріне бұл техниканы жүргізу үшін ең бірінші жүрек керек қой. Бірақ жағдай экипаж командиріне байланысты. Бұл кісі қалай бұйрық береді, сол арқылы бірге осындай дәрежеге жеттік.

Мұнымен қатар әскери камаз жүргізушілері де өзара жарысты. Жеңіс «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының өкілдеріне берілді. Қазақстан қарулы күштерінің тарихында тұңғыш рет бронды техникамен суда жүзді. Салмағы 13 жарым тонна алпауыт машина сағатына 9 шақырым жерді жүріп өтті. 


Сағатбек Нұрахметов, ҚР Ұлттық «Ұлан»гвардиясы бас қолбасшысының орынбасары:

Арнайы техника - ол бүгінгі күні өте дамыған техника. Ол жай ғана жүргізу мен дөңгелекті қозғалту емес. Оның ішінде арнайы аппаратуралар бар. Ол күнде-күнде жаттығулармен үйретіледі.

Әскерилердің айтуынша, мұндай байқаулар отан қорғаушыларға руқ беріп, әскери айла-тәсілдерді жетік меңгеруге септігін тигізбек. Оның үстіне Ұлттық ұлан гвардиясы Ішкі істер министрлігінің құрамына кіргелі, әскерлер қоғамдық қауіпсіздік сақтау, төтенше жағдайларды ауыздықтау, тіпті террорлық операцияларға дейін қатысатын болған.

Айжан ҚУАШ