Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Жолдау жүктеген міндеттер қалай жүзеге асты?

16.03.2023ж. 20:00
739
Жолдау жүктеген міндеттер қалай жүзеге асты?

Елімізде жан-жақты саяси жаңғыру процесі жүріп жатыр. Оған осыдан бір жыл бұрын наурыз айында Жолдауда айқындалған мәселелер сеп болып отыр. Сарапшылар бұл Президент айтқан мәселелердің нақты іске асып жатқанын білдіреді деді. Ол қандай өзгерістер? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Еліміздегі саяси жүйедегі бетбұрыс тура бір жыл бұрын басталды. Президент батыл шешімдердің бастамасын халыққа арналған Жолдауында мәлімдеді. Саяси реформаларға басымдық берді. Бастысы, сөзден іске көшетін уақыт келгендігін шегелеп айтты.

Президент өзгерісті өзінен бастады. Биліктегі фунцияларын бірітіндеп бөлуді бастады, салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жоюды қолға алды.

БЛИЦ:

- Басқа адамдардың да өздерінің ынталары бар көтерілетін, жоспарлары бар. Солардың енді көмегі тиер үкіметке. Солай деп ойлаймын. Ал былай енді бір семьяның қол астында болса ештеме болмайды ғой.

- Қарапайым адамдардың қолында билік беріп, үкімет басына әкеліп, бұрынғыдай тамыр-таныстық болмай, сондай жойылсын деген ойменен қарапайым адамның да көтерілуіне мүмкіндік беріп отыр.

Жолдаудың негізгі мақсаты "Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет" стратегиясы еді. Сондықтанда Президент алдымен тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін сенат өкілеттілігін реформалап, Мәжіліс құзыретін кеңейту туралы шешім қабылдады. Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылды. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруі тиіс. Бұл өз кезегінде Мәжілістің мәртебесін арттырмақ. Сонымен қатар Мәжіліс сайлауына байланысты аралас сайлау жүйесі енгізілді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Жолдауда Конституциялық сот құру бастамасы көтерілді. Бұл әділетті Қазақстанды құруда маңызды фактор болатын. Себебі қазір әлемнің 70-тен астам елінде Конституциялық сот бар. Еуропа, Латын Америкасы және ТМД елдерінде кең таралған. Оған кез-келген адам сауал жолдап, жауап ала алады. Бұл құқықтық күрестің өркендеуіне әкеледі. Су жаңа құқықтық институт қазір қызу жұмысқа кіріскен.

Бақыт НҰРМАХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жыл басынан конституциялық сот өз жұмысына кірісті. Конституциялық сот конституциялық кеңестің мұрагері болып табылады. Оның бүкіл өкілеттіліктерін қабылдады. Басты айырмашылығы конститциялық сотқа азаматтар тікелей жүгіну құқығын алды.

Әкімшілік аумақтарды бөлу, жергілікті өзін-өзі басқару, партиялық жүйені дамыту секілді бастамалар да қолға алынды. Яғни, сөзден іске көшті. Президент Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы саяси процестің қорытынды кезеңі екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Саяси реформа жаңашылдықтың баспалдағы ғана. Бұл бастамалардың барлығы еліміздің болашағын айқындайды. Ендігі жерде мұқым ел оң өзгерістер күтіп, сенімге селкеу келмейді деп үміттенеді.