$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Сел шайып кеткен жолда мерт болған жігітке қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
09.09.2016ж. 20:00
3001
Сел шайып кеткен жолда мерт болған жігітке қатысты сот отырысы басталды

Қарағанды облысында былтыр көктемде сел шайып кеткен жолда мерт болған жігіттің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Марқұм Жансейіт Ақтаев серігімен бірге опырылған жолда көлігімен құлап кеткен болатын. Жесірі күйеуінің қазасына «Қарағанды жолдары» серіктестігін кінәлайды. Қарамағындағы жолға тиісті ескерту белгілерін қоймаған дейді. Алайда, «Қарағанды жолдары» кінәсін мойындамай отыр. 

Айжан Қуаш, тілші:

Сот отырысына марқұмның жесірі мен ішкі істер қызметкерлері қатысты. Басты айыпталушы - «Қарағанды жолдары» компаниясының Ботақара кентіндегі бөлімшесіне басшылық еткен Боранбай Әбжанов. Оған Қылмыстық кодекстің «қызметіне салақтық танытты» деген бабы бойынша айып тағылып отыр. Арызданушының айтуынша, өз кінәсін мойындамай отыр.

Гүлім Ақтаева, арызданушы:

Менде жалғыз ұл бар. Сол жалғыз ұлымды ең болмағанда 21 жасқа дейін қамтамасыз етуді талап етем. Ешқандай олардың не өкініштері жоқ. Не кешірім сұрамайды. 

Апат Қарағанды-Ботақара тас жолында болған. Бұл аумақта ескерту белгілері қойылмағанын дәлелдейтін айғақтар көрсетілді. Оқиға орнына барған түсіру тобы да ешқандай белгіні  байқамаған. Алайда, «Қарағанды жолдары» сотқа қайғылы оқиғадан кейін түсірілген суреттерді көрсетіп, жауапкершіліктен жалтаруда.

Гүлім Ақтаева, арызданушы:

Міне, апрельдің айында, 11 сәуірде Бұқар жырауда мост құлаған. Сол Бұқар жырауда мұндай ауа райы тұрғанда 11 сәуірде, сонда 9 күнде мынадай шөп өсе ме?

Алма Мақажанова, Г.Ақтаеваның қорғаушысы:

Қарағанды жолдарының басшылары жауапқа тартылуы керек. Осы жолды қадағалау, оның үстіне ТЖ жарияланғаннан кейін бар күшті осы жолға жұмылдырулары керек еді. Оның бәрі істелінбеген. Ешқандай знак қойылмаған.

Сотқа қатысқан ішкі істер қызметкерлері де сол мезетте ескерту белгілерін көрмегенін мойындады. Куәгерлер дәл сол опырылған аумақта көліктерге еш шектеу болмағанын айтып берді.

Мен ол жолдан еш ескерту белгісін көрген жоқпын.

Айжан Қуаш, тілші:

Бұған дейін 3 рет жабылып, ақыры қайта қозғалған іс 1 жарым жылда сотқа әрең жеткен. Екі адамның өмірін жалмаған оқиғаға кімнің кінәлі екенін сот шешеді. Келесі отырысқа жаңа куәгерлер шақырылмақшы. Ал, жапа шеккен тарап құқық қорғау орындарынан әділдік күтеді.

Айжан ҚУАШ