$515.89 €536.32 ₽5.17
×

Астанада Наурызға арналған мерекелік шаралар қай жерлерде өтеді?

AstanaTV
17.03.2023ж. 14:15
2476
Астанада Наурызға арналған мерекелік шаралар қай жерлерде өтеді?

Елордада Наурыз мерекесіне орай жүзден астам шара өтеді. Қаланың 4 ауданында Наурыз мейрамы аталып өтетін 23 орын анықталды. Тұрғындар мен астана қонақтары концерттерге, мерекелік бағдарламаларға, қойылымдарға, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатыса алады.

«21-23 наурыз күндері барлық ауданда, соның ішінде елорданың елді мекендерінде «Наурыз Думан» мәдени-бұқаралық шар алары ұйымдастырылады. Іс-шарада ведомстволық бағынысты ұйымдар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарламалар, түрлі костюм киген кейіпкерлер мен қуыршақтар шоуы қарастырылған. Сондай-ақ, жиналған жұрт ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатыса алады», - деді  Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин.

Оның айтуынша, 21 наурыз күні сағат 13:00-18:00 аралығында, 22 наурыз күні 11:00-18:00 дейін, 23 наурыз күндері – EXPO көрме кешені аумағында Көшпелілер өркениетінің ауқымды фестивалі ұйымдастырылады. Фестиваль аясында қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.

Төл ұлттық мәдениет пен дәстүр атмосферасын сезіну мақсатында ауқымды этноауылдың ашылуы, қолөнершілер жәрмеңкелері, ұлттық тағамдар фестивалі және басқа шаралар жоспарланып отыр.

Осы күндері EXPO халықаралық көрмесі орталығында мерекелік іс-шараның тұжырымдамасына сәйкес, отандық қолөнершілердің қатысуымен «Наурыз базары» жәрмеңкесі өтеді. «Наурыз базары» шығыс жәрмеңкесінде этностильдегі бұйымдардың – керамика, металл, киіз және жібектен жасалған заттардың, кәдесыйлардың жаңа топтамалары ұсынылады.

Еліміздің әр өңірінен келген ең жақсы шаруа қожалықтары мен тауар өндірушілердің жаңа өнімдері тиімді бағамен қолжетімді болады. Мереке құрметіне барлық тауарларға үлкен жеңілдіктер жоспарланып отыр.

21-23 наурыз аралығында әр ауданда екі негізгі алаң – барлығы 8 орын анықталды. Онда мәдениет басқармасының жетекшілігімен жаппай мерекелеу мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Қалған орындар елорданың аудандық әкімдіктерінің аппараттық есебінен қамтамасыз етіледі.

Алматы ауданы бойынша – «Қазақ елі» монументі алаңы, «Железнодорожный» тұрғын алабы, «Жерұйық» саябағы, «Күйшілер аллеясы», «Интернациональный» және «Мичурино» тұрғын алабында өтеді.

Есіл ауданында – EXPO көрме кешені, «Бәйтерек» монументі және «Пригородный», «Арнау», «Зеленый квартал» тұрғын алаптарында, «Жағалау» скверінде, «Назарбаев» орталығында өтеді.

Сарыарқа ауданы бойынша – қалалық алаңда, «Көктал» саябағы, «Қорғалжың» саябағы, «Агрогородок» тұрғын алабында өтеді.

Байқоңыр ауданы бойынша – «Ататүрік» саябағы, «Жазушылар» аллеясы, «Кирпичный», «Казгородок», «Өндіріс» тұрғын алаптарында өтеді.

16-18 наурыз күндері сағат 10:00-18:00 аралығында С. Сейфуллин музейінде «Қош келдің, әз Наурыз» көрмесі ұйымдастырылады.

17 наурыз күні сағат 19:30-да Жастар сарайында «Наурыз Думан» атты концерт өтеді.

20 наурызда Мемлекеттік академиялық филармонияда мәдениет саласындағы «Наурыз» ұлттық сыйлығы табысталады.

21 наурызда Qazaqstan орталық концерт залында Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Әнім сен едің» мерекелік концерті жоспарланған.

23 наурыз күні сағат 17:00-де Жастар сарайында Наурызға арналған мерекелік бағдарлама – «Магия степи» атты иллюзия және музыка шоуы өтеді.

24 наурызда Qazaqstan орталық концерт залында ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтеді.

Астана қаласының театрлары да бұл мерекеде қалыс қалмай, жаңа премьералар ұсынады. Сонымен қатар, 18-26 наурыз аралығында Қуыршақ театры «Наурыз Думан» атты адам бойындай қуыршақтар шоуын ұсынады. Қаланың орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де мерекеден тыс қалмай, күн сайын Наурыз мейрамына орай іс-шаралар өткізуді бастады. Барлық шаралар бойынша ақпаратты Мәдениет басқармасынан немесе Тикетон.кз сайтынан алуға болады», - деді Н. Қамзин.