Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Сайлауалды науқан кезінде Сайлау заңнамасының нормаларын бұзуға жол берілген

17.03.2023ж. 20:00
957
Сайлауалды науқан кезінде Сайлау заңнамасының нормаларын бұзуға жол берілген

Бүгін – сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күні. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді. Үгіт-насихат шаралары қалай жүргізілді? Заң бұзушылықтар жоқ па? Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингке қатысқан тілшіміз Бекболат Сатуов айтады.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Сайлауалды науқан кезінде Сайлау заңнамасының нормаларын бұзуға жол берілген. Ол бойынша 23 факті тіркелді. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты. Оның 12-сі тыйым салынған уақытта үгіт жүргізу бойынша тіркелген. Оларға әкімшілік жаза қолданылмақ.

Жандос ӨМІРӘЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз оларды жауаптылыққа тарту үшін ОСК-ның келісімін алдық. Сот әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабы бойынша айыппұл салғаннан кейін және сот актілері заңды күшіне енгеннен соң тиісті округтік сайлау комиссиялары олардың тіркеу күшін жойды. Бұл – заң талабы.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ беттеріне жарияланған үгіт-насихат материалдарының мазмұнына талдау жүргізген.

Қанат ЫСҚАҚОВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Үгіт-насихат кезінде мониторингке 576 республикалық және облыстық БАҚ қамтылды. Оның ішінде 48 телеарна, 386 газет, 142 интернет ресурс. Яғни бұл біздің ақпараттық кеңістіктің 95 пайызы қамтылған.

Беларусь үшін Қазақстанның депуттар сайлауын өткізу тәжірибесі қызық. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы өкілдер палатасының қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Александр Маркевич осылай деді.

Александр МАРКЕВИЧ, ҰҚШҰ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз саяси партиялардың сайлау процесіне белсенді қатысуы үшін үлкен жұмыс жүргізілгенін көрдік. Парламент палатасының құрылуы аралас жүйе бойынша өтеді. Бізге көпшілік округтер бойынша қанша кандидат тіркелгені туралы сандар көрсеткен кезде тіркеуден өткен кандидаттардың санына таң қалдық. Біз қарапайым халықтың да, кандидаттардың да елдегі саяси өмірге қатысуға ынталы екенін көріп отырмыз.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Халықаралық топтың үйлестірушісі Қазақстанның бұл тәжірибесі жіті зерделеніп, Беларусь еліндегі бірыңғай дауыс беру күнін өткізу кезінде ескерілетінін атап өтті. Айтуынша, ол сайлауда да Беларусь парламентінің төменгі палатасы мен жергілікті кеңес депутаттары сайланады. Айта кетейік Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы миссиясының құрамында Армения, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан өкілдері бар.