Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Таразда жолақы бойынша жеңілдіктің жойылғанына мүгедектер наразы

AstanaTV
09.09.2016ж. 20:00
3782
Таразда жолақы бойынша жеңілдіктің жойылғанына мүгедектер наразы

Таразда жолақы бойынша жеңілдіктің жойылғанына мүгедектер наразы. Олар тиісті жеңілдіктерді алып тастау туралы тамызда қабылданған қала әкімінің қаулысына қарсы. Айтуларынша, жеңілдікпен жүру оларға көліктерде кедергі келтірмейді әрі уақытын алмайды. Өйткені көзі көрмейтін зағип жандар: «Қағаз ақшаларды айыра алмаймыз, енді жолақымен есептеуіміз қиынға соғады», - деп наразы.

Тараз әкімінің «Тарифтерді белгілеу туралы» қаулысына қарсылық білдіргендердің қатарында соқырлар қоғамының мүшелері де бар. Олар жеңілдікті жою мүгедектердің құқығын шектеу,- дейді.

Нұрлан Ақпаев, бірінші топтағы мүгедек:

Жүргізушілер, контролерлар тиын-тебенді қалай алып, қалай бергеніне қарамай, жүріп кетеді. Олардың берген компенсациясы әр адамға 2 мың 120 теңге. Әр мүгедек айына 20  рет жүреді екен. 20 рет неге жетеді?

Тұрғындарға қоғамдық көліктер 43 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Онымен 11 мекеме айналысады. Ал, шаһар бойынша 5 мыңға жуық мүгедек бар. Таразда күніне қоғамдық көлікпен қатынайтындардың шамамен 10 пайызын мүгедектер құрайды. Жергілікті әкімдік өкілдері жеңілдіктерді жою арқылы жолақыны тұрақты ұстап тұра алатынын айтты.

Жақсылық Сапаралиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Жеңілдікпен тегін жүретін санаттағы азаматтар, басқа санаттағы азаматтармен салыстырған кезде, 10 пайызына да жепейді. Біз 90 пайыз азаматтарымызды ойлауымыз керек. Сол себептен біз, ең бастысы, тарифті көтермеуіміз қажет.

Жеңілдіктерді алып тастау тасымалдау компанияларының арызынан соң қабылданған. Олар ортақ тарифті көтеруді ұсынды. Қосалқы бөлшектердің қымбаттауы мен жанармай бағасының өсуі автопарк иелеріне соққы болғанға ұқсайды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығынан қағылғандар қатарында ҰОС ардегерлерінен бастап, алтын құрсақты аналар мен барлық топтағы мүгедектер бар. Сондай-ақ, ауған соғысына қатысқан азаматтар мен Чернобыль атом электр станциясы апатын жоюшылар мен олардың жесірлері де жатқызылды. Қаулы 11 қыркүйек күні заңды күшіне енеді. Ал наразылар «нәтижесіз қаулының күшін жою үшін талап етеді", олар заңды орындарға шағымдануға қамдануда. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ