Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Түркістандық оқушылар ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды жаңғыртып жүр

Түркістандық оқушылар ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды жаңғыртып жүр

Түркістандық оқушылар ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды жаңғыртуда. Жас қыздар жүн түтіп, ұршық иіріп, кілем тоқуды кеңінен меңгерген. Тіпті киіз үйдің жабыны мен бау-басқұрын да өздері дайындайды.

Он саусағынан өнері тамған бұл қыздар небәрі 5-сыныпта оқиды. Сабақтан бос уақытта осында кеп кілем тоқиды. Диана Раушанбектің қолынан шыққан бұл кілемше – қоржын. Көз майын тауысып әзірлеп жатқан бұйымды әжесіне сыйламақшы.

Диана РАУШАНБЕКОВА, ОҚУШЫ:

Бұл енді соңғысына келдік, осы сөгіліп кетпеу үшін осы жерлерін байлап қоямыз. Бұл қоржынды біткеннен соң әжеме берем, немересінің сүндет тойына алып барады. Кілем тоқығанда миың демалады, кілем тоқысаң сені сабырлылыққа алып барады.

Кілем тоқуды еркін меңгеріп алған қыздар кемшілік жібермеуге тырысады. Қағазға сызылған кескін түр-түсі дәл келу үшін жаңылыспау маңызды дейді.

Сәвич АБДИРОВА, ОҚУШЫ:

Менің шешем тоқыған. Бұрын тоқыған, қазір тоқымай жатыр. Сол үшін мен тоқуға келдім. Болашақта мен осы мамандықтың иесі болғым келеді.

Балалар киіз үй жабдықтарын да дайындайды. Оның ішінде бау-басқұр тоқуға ерекше ден қоюда.

Нұрилә ТҮЙМЕЛИЕВА, ТӨЛЕБИ АУДАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР ҮЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Ол қалып кеткен біздің көне заттарымыздың бірі. Сондықтан біз соны оқушыларға басқұрды кеңінен тоқуды үйретіп жатырмыз. Оған түсетін әрбір оюдың, ол ою не сөйлеп тұр соны оқушылар біліп жатыр.

Ал бұл топтағы оқушылар төрт-түліктің жүнін кәдеге асырады. Ертегі кейіпкерлерін, сондай-ақ қабырғаға ілетін картиналар жасайды. Қазір қыздар жүннен жеміс-жидек дайындауда.

Аружан ӘБІЛҚАСЫМ, ОҚУШЫ:

Ине арқылы біз жүнді тығу арқылы бұл алманы нығыздап және кеңейтіп қатты қылуға да болады. Дәл қазір көжекті де біз осылай жасадық. Яғни алманы істегендей туралы осылай басып, ішіне кіргізіп, дәл осылай көжекті де істеп шығардық. Оның алдында осы авокада жемісін де істеп шығардық.

Әжелеріміздің әдісімен текемет баспасақ та, жүнді түрлі тәсілмен игеруге тырысудамыз дейді үйірме жетекшісі. Қыз-келіншектердің сәндік бұйымдары да оқушылардың қолынан шыққан.

Ләззат АЛМҰРАТОВА, ҮЙІРМЕ ЖЕТЕКШІСІ:

Жүннің пайдасы көп негізі. Балаларға да, қол моторикасын дамытуға және де ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрді жаңғыртып отырмыз былай айтқанда.

Осылайша балалар ұлттық қолөнерді жаңғыртып жүр. Қыздардың тағы бір тобы құрақ құраса, ұлдар ағаштан түйін түйеді.