Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылорда облысында 14 Батыр ана сайлау учаскесіне бірге келді

AstanaTV
19.03.2023ж. 15:38
784
Қызылорда облысында 14 Батыр ана сайлау учаскесіне бірге келді

Қызылорда облысында ауылда тұратын 14 Батыр ана бір сайлау учаскесінде бірге таңдау жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылында тұратын Батыр аналар бұрыннан белсенділігімен көзге түсіп келеді. Басым көпшілігі ауылда құрылған отыз жылдық тарихы бар «Батыр аналар» ансамбілінде өнер көрсетеді.

Олар бүгінгі Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау шарасында да белсенділік танытты. Ауылда орналасқан №149 сайлау учаскесіне жұбын жазбай бірге келіп, өз таңдауын жасады.

«Біз жас емеспіз. Бірақ қазақ халқының ертеңі үшін, тәуелсіз еліміздің мәңгілік болуы үшін әрбіріміздің қосар үлесіміз бар екенін білеміз. Саяси науқанның маңыздылығын ескергендіктен, барлығымыз бірге дауыс беруге келдік. Алдағы уақытта депутат болып сайланатын азаматтардың барлығы да ел мүддесіне жұмыс істейді деп сенеміз», - деді Жанымкүл Есімова.

Айта кетсек, Қызылорда облысында барлығы 486 002 адам сайлаушы ретінде тіркелген. Олардың 20434-і Жалағаш ауданында тұрады.