Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына қатысушылар қарызға батты

AstanaTV
05.04.2016ж. 20:00
1392
Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына қатысушылар қарызға батты

Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында несие алған ауылдықтардың басы дауға қалды. Кәсіпкерлер Үкіметтен қарызды қайтару үшін тағы екі жыл уақыт беруді сұрауда. Әйтпесе несиеге алынған мал пышаққа ілінуі мүмкін. Түлік өсіріп табысқа кенелудің орнына қарызға белшеден батқан бизнес иелері жайында тілшіміз тарқатады. 

Төрт түлікпен отбасын асырап отырған Валентин Мирошниченконың айтуынша, 2012 жылы шаруалар қосылып, «Сапа» несиелік серіктестігін құрады. Бизнесін жаңа бастаған алпыс кәсіпкерден тұратын ұйымға «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында несие берілді. Ол қаржыға мал сатып алады. Жылдық сыйақысы 7 пайызды құрайтын қол жетімді қаржының арқасында қой мен ірі қара саны артады. 2013 жылдан бастап шаруалар несиені қайтара бастаған. Бірақ екі жыл өткенде өздерінің  мемлекет алдында 58 миллион теңге берешек екенін бір ақ біледі.

Валентин  Мирошниченко, ауыл кәсіпкері:

«Сапа» несиелік серіктестігі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация алдындағы міндетін орындамады, ал 2015 жылдың желтоқсан айында корпорация бізді сотқа берді. Қаржымыздың қайда кеткені белгісіз. Осындай жағдайға тап болғанымызға серіктестік басшысы Оспанова кінәлі. Қор қаржысына ол басқа келісімшартты жапқан, ал біздің қарызды қайтарарда есеп-шотта қаржы жоқ болып шығады.

Кредитті төлегенін растайтын түбіртекті ауыл кәсіпкерлері сотқа берген арыздарына қосқан. Серіктестік басшысы Гүлнар Оспанова телефон арқылы бұл жағдайды бізге түсіндіріп беруге құлықсыз екенін мәлімдеді.

Гүлнар Оспанова, «Сапа» несиелік серіктестік төрағасы:

Бұған қатысты ешбір түсінік бере алмаймын. Тергеу жүріп жатыр, барлығы тергеу қортындысынан соң белгілі болады.

Мәселе жетінші сәуір күні сотта қаралмақ. Осыған ұқсас жағдай Семейдегі ауыл кәсіпкерлерінің де басына түскен. Тек олардың серіктестік басшысына артар кінәсі жоқ. Экономикалық дағдарыс салдарынан қиындыққа тап болдық деп отыр. Ресейдің арзан тауарлары нарықты жаулап алғандықтан, жергілікті кәсіпкерлерге ай сайынғы несиені төлеу қиынға соғуда.

Дастан Мұқаев, ауыл кәсіпкері:

Рубльдің төмендеуіне байланысты Семей қаласында, Шығыс Қазақстан Ресей шекарасына жақын болғандықтан, бағаның төмендеуінен өте қиын жағдай болды. Қарыз алушылар қарызды қайтара алмай отыр. Оның себебі малдың бағасының жоқтығы. Қазір осы кредитті жабу үшін барлық малдарын сатуға мәжбүр болып отыр.

Шаруалар ақшаны қайтаруға ниетті, бірақ, тұралаған кәсіптің қайта аяққа тұруына кем дегенде 2 жыл керек. Ал қайтарылмаған несиенің пайызы күн сайын өсіп жатыр.

Марат Исаханов, «Қайнар-несие» несиелік серіктестік төрағасы:

Біз қарызды қайтарамыз. Тауар бағасы арзандап, жанар-жағармай құны шарықтап кетті. Сондықтан құзырлы министрлік ауыл кәсіпкерлеріне несие бойынша 2 жылдай уақыт берсе дейміз. Күнде өсіп жатқан үстемақыны қайтарудың өзі қиын.

Ал «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшылығы ауыл бизнесмендерінің өтінішін орындау мүмкін емес дейді. Өйткені  корпорация  бар болғаны делдал, келісімшартқа өзгеріс енгізуге құқылы емес.

Айжан Елубаева, «Ертiс» ӘКК» ҰК» АҚ департамент директоры:

Экономикалық дағдарыс пен адами факторды ескере отырып, кәсіпкерлерге қол ұшын бергіміз-ақ келеді. Бірақ біз келісімшартпен шектеуліміз. Шешу жолын тек осы мәселеге қатысты министрлік ұсына алады. Келісімшартқа өзгеріс енгізу құзыры тек Үкіметте.

Тығырыққа тірелген ауыл кәсіпкерлері облыстық Ұлттық кәсіпкерлер палатасына арызданған. Олар мәселені назарға алып, құқықтық тұрғыда қолдау көрсетуге уәде берді. 

Берік ХАСЕНОВ