$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Көкпарда намыстың нары, тұлпардың бабы сыналады

20.03.2023ж. 20:00
1343
Көкпарда намыстың нары, тұлпардың бабы сыналады

Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Ауыздықпен алысып, жылқының жалынында білектің күштілігін көрсететін шабандоздардың өнері таңдай қақтырады. Топтың арасында мықтылық танытып, салым салу да оңай емес. Әріптесім Берік Жұмабай көкпар шапты.

Көкпар – ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Қырғыздар «Көк бөрү», Тәжік тілінде «Бузкаши, Ауғандардың «Бузавиш» ойыны көкпарға қатты ұқсас екен. Көкпар бұл қауіпті спорт түріне жатады. Сондықтан ат үстіндегі азаматтың бәрі додаға кіріп, көкпар тарта алмайды. Ал жарақаты жоқ, көкпаршы болмайды. Әулие ата көкпар клубының капитаны Есжанның сынбаған жері қалмасада, бұл спортта қорқуға болмайды дейді. Жүрегі "көкпар" деп соғатын жігітті үйіндегілер қанша қой деп үгіттесе де, көкпардан қол үзбеген.

Есжан ҚҰРМАНБАЙ, "ӘУЛИЕ АТА" КӨКПАР КЛУБЫНЫҢ КАПИТАНЫ:

Жарақаттың біразы болды. Аяқ та сынды, бұғана да сынды. Көкпарға кірген соң бәрін ұмытамыз. Қорқуға болмайды, қорқыныш болса бір жерің майып болады. Үйде басында болды ғой аяғымыз сынғанда, әй қоясайшы осы спортты, не қыласың басқа нәрсемен айналыс деген. Енді өзіміздің қалауымыз болған соң қоялмайды екенбіз.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Көкпар ойынында соңғы жылдары сайгүліктеріміз жиі сүрініп, спортшыларымыздың жарқат алуы көбейген. Көкпар десе қазандық қағидасы қалыптасқан. Міне қазандықтың орнына 2017 жылдан бастап елімізде мәре шеңбері сызылды. Бұл спортшыларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында. Айта кетейік Көкпар ұлттық ойыны әлемдегі әйелдер қатыспайтын жалғыз спорт түрі.

Батырларымыздың батылдығын, ептілігі мен қайсарлығын білдіретін бұл ойын, қазірде қасиетін жоғалтпаған. Бүгінде Көкпар спортына іріктеу кезінде жүректі жігіттерді таңдаймыз дейді жаттықтырушы.

Төлеген ЖҰМАТАЕВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

Ең бастысы білек күші, тақымның мықтылығы, ептілігі, аттың үстінде өзін еркін сезінуі. Ат пен адамның қарым қатынасы. Сонымен қатар кішкентайынан көкпарға дайындалған жасөспірімдердің бойында біткен қайсарлық пен батылдық десек болады. Осындай басты қасиеттеріне қарап біз іріктеп аламыз.

Көкпарда жылқының рөлі ерекше. Оларда бөлінеді. Шабуылға шығатыны, қорғанысы мықтысы болады. Бұл командалық ойын болғасын күш біріктіріледі, айла-тәсіл құрылады. Ұлттық мереке кезінде көкпаршыларға тыным жоқ. Күнде бәсеке. Көкпаршылардың салымдары мол болсын!