Кілем, ши тоқу, диірмен тарту... Ұлттық болмасымызды айқындайтын мұндай дүниелер соңғы кезде ұмыт болып барады. Ал бұрын әжелеріміз асарлатып, текемет басып, кілем тоқитын. Қызылорда облысы Сырдария ауданының Бесарық ауылында тұратын Байзақ ата әулеті қазір осы дәстүрді жаңғыртып жүр. Олар қарашаңырақта бас қосқанда үлкендер білген-түйгенін жас келіндері мен немелеріне үйретеді.
Нысанкүл Дурова кілем тоқуды бала күнінде анасынан үйренген. Анасы қыздарының бәріне ұршық үйіру, кесте тігу, түрлі киім, кілем тоқуға баулыпты. Қазір ою-өрнектің сан түрін қиюластырып, заман талабына сай түрлендіреді.
Нысанкүл ДУРОВА, БЕСАРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қайшы-шешемнен қалған қайшы. Неше жылдан бері сақтап, көзіндей қылып алып келе жатырмын. Бұл кілемше ғой, кішкентай ғана. Үлкен кілемді үйге жайып тастап тоқитын едік қой. Пайдасы өте зор жастарға. Балалардың ой өрісін дамытуға, математикадан жақсы болуына себепкер.
Уақыттың тығыздығын алға тартып көрші көршіге бас сұқпайтын уақытта бұл әулет жиі жиналады. Үлкен қазанға ас әзірленіп, сары самаурынға шоқ салынады. Кішкентай қыздар әжелерінен тоқу-тігуді үйренеді. Ер балалар диірмен тартып, ши тоқу, төрт түліктің әбзелдерін жасауды меңгерген.
Дінмұхамед БАТЫРБЕКҰЛЫ:
Өзім қалада тұрамын. Демалыс күндері атамның үйіне келіп, атама көмектесіп, мал шаруашылығына көмектесіп, түйелерді бағып, уақытымызды қызықты өткіземіз. Қазір түйелердің төлдейтін уақыты. Боталарға осындай әбзелдерді дайындап, өзіміз қолдан жасаймыз.
Бұл әулетте еңкейген кәріден, кішкентай балаға дейін қазақтың қолөнер бұйымдарын жасауды жақсы меңгерген. Ұрпақтарын ұлттық өнерге баулуда Жұмабай Әубәкірұлының еңбегі зор.
Жұмабай ӘУБӘКІР, БЕСАРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Түйемен қалай көшу керек, жайлаудың не екенін, ат үстіндегі өмірдің не екенін, қараша үйдегі өмірдің не екенін біз ғана көріп өскен шығармыз. Сондай балалық шағымызда еске алатын жақсы жайттар бар. «Ана көрген тон пішеді, әке көрген оқ жонады» деп, әкеден, анадан көрген нәрсені кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырмыз.
Қазақтың қолөнері адамның ой-өрісін дамытып, күйзелістен арылтады. Сондықтан оны жастар жадына тоқу ұлтымның ғана емес, ұрпағымның болашағы үшін маңызды дейді берекелі әулеттің үлкендері.