Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Футболдан Қазақстан құрамасы өз алаңында Словениядан жеңіліс тапты

24.03.2023ж. 20:00
872
Футболдан Қазақстан құрамасы өз алаңында Словениядан жеңіліс тапты

Словения сан соқтырды. Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы Словениядан 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Ұлттық құраманың биылғы жылдың алғашқы матчына қатысқан тілшіміз Мерей Қалиасқардың репортажы.

Мерей ҚАЛИАСҚАР, ТІЛШІ:

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында Қазақстан өз алаңында Словенияны қабылдайды. Санаулы сәттерден кейін төреші ысқырық шалады. Асыға күткен матч та басталады. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы H тобында сынға түседі. Мінекей, матч та басталды.

Словения құрамасы ФИФА рейтингінде 62-орында, десе де соңғы ойындары сүреңсіз өтті. Ал, Қазақстан керісінше Ұлттар лигасында өз тобында атой салып, жанкүйерлерге жарқын жеңістер сыйлап, жігерлендіріп тастаған еді.

БЛИЦ:

- Астанаға футболдың тойы оралып жатыр. Өте қатты қуаныштымыз. Біздің жігіттер бір гол айырмашылығымен ұтып та қалуы мүмкін.

- Ақтаудан арнайы келдім бүгін ұшып. Астана аренадағы ойындар әрқашан өте ыстық өзіме. Бұл жердің атмосферасын сағындым. Жеңіс күтемін ең бастысы.

- Түркістан қаласынан келіп отырмын. Алға Қазақстан.

Магомед Адиев шәкірттері үшін матч сәтті басталды. Жасанды алаңға бой үйретіп үлгермеген қарсыласқа азуын көрсетіп, Ян Облак қорғаған қақпаның 24-минутта кілтін тапты.

Мерей ҚАЛИАСҚАР, ТІЛШІ:

Ян Вороговский сол жақ қапталдан әуелетіп пас асырған болатын және Максим Самородов бірінші болып табылып, допты қақпаға бағыттады. Осылайша Қазақстан құрамасы есепте алға шықты.

Бірінші таймда сенімді ойын өрнегін көрсеткен алаң иелерінің екінші таймда ойыны күрт өзгерді. 47-ші минутта қонақтар сапында қорғаушы Давид Брекало есепті теңестірді. Ал ойынның 78-ші минутында словениялық шабуылшы Жан Випотник есепті еселеді.

Мерей ҚАЛИАСҚАР, ТІЛШІ:

27 мыңнан аса жанкүйер соңғы секундқа дейін Ұлттық құрама үшін қолдау көрсетіп жатыр. Айта кетейік олар үшін барлық бағытта автобустар қарастырылған. Ал Ұлттық құраманың келесі ойыны 26 наурызда Астана аренада Данияға қарсы өтеді.

Ұлттық құрама ұтылып, қарсыластар жеңісті қолдан жұлып алды.

Магомед АДИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

Матч жақсы басталған еді. 1 таймның бел ортасында есеп аштық. Кейбір сәттерде қарсыластан жақсырақ көрініп едік. Екінші таймға шыға сала гол жіберіп алып, сәл абдырап қалдық. Екінші голды жібергенде бір ойыншымыз жетіспеді. Бәлкім ойыншыны ертерек ауыстыру керек пе еді. Жағдай солай боп қалды.

Алғашқы ұпайынан қағылған Қазақстан енді Данияға қарсы ойынға ден қоймақ.