$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Трамадол психотроптық заттардың тізіміне енетін болды

AstanaTV
27.03.2023ж. 14:52
1208
Трамадол психотроптық заттардың тізіміне енетін болды

27 есірткі мен прекурсор атауы мемлекеттік бақылауға алынады. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті.

«20 наурызда Үкімет бірқатар заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін актіге қол қойды. Ол қосымша 27 есірткі мен прекурсор атауын мемлекеттік бақылауға алуды көздейді. Қазіргі уақытта бұл тізімде айналымын мемлекет бақылайтын мыңнан астам заттар бар. Қазір оған есірткі мен психотроптың тағы 15 атауы, сондай-ақ прекурсорлардың 12 атауы және оларды жасау үшін қолданылатын заттар енгізілген», - деді Шұғыла Тұрлыбек Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, «дәріханалық» нашақорлықпен күресу мақсатында психотроптық заттардың тізімі трамадолмен толықтырылады. Сондай-ақ психотроптық анальгетик те бар. Оны есірткіге тәуелділер эйфория әсерін алу үшін пайдаланады және тұтастай алғанда ол есірткіге тәуелділіктің қалыптасуына ықпал етеді.

«Қылмыстық жауапкершілікке тартылатын трамадолдың салмағы 0,1 грамм болып белгіленді. Бұл шағын өлшем, ал 10 грамға дейін - үлкен өлшем, 10 грамнан асса аса үлкен өлшем саналады. Үкімет актісі қолданысқа енгізілген соң трамадол тек рецепт бойынша және есірткі құралдары және психотроптық заттар айналымына байланысты қызметке лицензиясы бар дәріханалық және емдеу-профилактикалық ұйымдарда ғана берілетін болады.«Трамадолдың» заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қолданыстағы заңнамаға сәйкес басталады», - деді ол.