$523.86 €544.34 ₽5.11
×

«Жастар бетің қалың болса, жанның рахатының керін келтіріп жүр», - тұрғын

27.03.2023ж. 20:00
937
«Жастар бетің қалың болса, жанның рахатының керін келтіріп жүр», - тұрғын

NEET санатындағы жастардың санын азайту қазір өзекті мәселелердің бірі. Бұл топқа жұмысы, мамандығы жоқтардың барлығы кіреді. Олардың саны 235 мыңнан асады. Қатарын қалай азайтамыз? Әйкерім Пернебек зерттеп көрді.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

«Оқуымды аяқтамадым, жұмыс та істегім келмейді. Ешнәрсеге құлқым жоқ. Қазір ата-анам ақша жіберу керек, кешке достарыммен киноға барып, қыдырып келейін». Дәл осылай әке-шешесіне масыл болып өмір сүретін жастарды NEET жастары дейді. Олар оқымайды, еңбектенбейді, еш нәрсемен айналысып та көргісі келмейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Оның бәріне кім кінәлі? Біз өзіміз кінәліміз. Оларға айтпаймыз. Мысалы мектепте, балабақшада солардың бәрін айтатын болса, сондай жерде тәрбие жүргізетін болса онда балалар түзеледі деп ойлаймын.

- Біз өз еңбегімізге, ата-анамыздың ақшасына өмір сүргенге ұяламыз, арымыз шыдамайды. Сол үшін өзіміз ақша тапқымыз келеді, ал енді қазіргі балалар енді, бізде мынандай сөз бар «бетің қалың болса, жанның рахаты», қазір енді балалар осындай болып кетті.

- Ойланып көру керек. Ертең келешегін ойлап мысалы олар әрқашанда солай ата-анасының ақшасына өмір сүре алмайды ғой.

Мамандардың айтуынша, NEET феноменінің пайда болуының себебі отбасының әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына тікелей байланысты.

NEET санатындағы жастардың 66,1% неке құрмаған, 73,8% баласы жоқ, 40% жоғары немесе орта білімі бар. Ал 30% оқуын жалғастырмаған. Дәл осы шамадағы жастар мүлдем мамандыққа бейімделмеген.

NEET санатындағы респонденттердің 53,8%-ы ата-анасының қаражатына өмір сүреді, 19,7%-ын жұбайлары асырайды, 24,7% уақытша жұмысқа тұрып, қосымша табыс табады.

Меруерт АЙТЕНОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Өзіміз көрген қиындықты балалар көрмесін деп кер жалқау балалар етіп шығардық. Мен білмеймін бұл балалардың қоғам үшін қандай пайдасы бар? Ата-анасының еркесі болғанменен, үйден шығып кеткен кезде, түзде не болады? Көшенің талапайына түседі. Осыны ұмытпасын. Біз қазір көріп отырмыз ғой қоғамда 40 жасқа келсе де 50 жасқа келсе де 70, 80, 90 келген ата-анасының зейнетақысымен күн көріп отырған қаншама азаматты, азаматшаларды көріп отырмыз. Қоғам болып бір идеологияны ойлап тауып, бұларды тәрбиелеу керек.

Психолог мамандар мұндай жастар мен ата-аналардың қарым қатынасын симбиотикалық қарым қатынас деп атайды. Қарапайым тілмен айтқанда, өз өмірін біреуге тапсыру деген ұғымды білдіреді.

Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, ПСИХОЛОГ:

Баланың өмірдегі тәжірибе алуы бар емес пе, соны шектетіп тастайды. Сондықтан бала тәжірибе алмаған соң өзіне сенімсіз болады. Жасы 18ге келген кезде адам еркіндікпен өзі қорқынышта қалады, ол өзінің еркіндігін біреуге беруге ұмтылып тұрады. Масылдық психологиясы, адам мен үшін біреу істеп берсе екен деп біреудің мойнына отырып алады.

Биыл атқарушы органдарының мәліметі негізінде NEET санатындағы жастардың бірыңғай деректер базасы жасалды. Оның 4 бағыты болады. Біріншісі, жұмыссыз жастар. Екіншісі, қызметке қабілетті, алайда мүмкіндігі шектеулі жастар. Үшіншіден, белсенді емес жастар. Төртіншіден, үй шаруасымен айналысатын жастар. Енді жауаптылар әрқайсымен бөлек жұмыс істеп, үлесті 3,5%-ға дейін төмендетпек.