$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Трамадол есірткі құралдарының тізіміне енгізілді

27.03.2023ж. 20:00
1218
Трамадол есірткі құралдарының тізіміне енгізілді

Атырауда тағы шу шықты. Қаладағы сауда үйінің қоқыс алаңында трамадолдың мыңдаған қорабы шашылып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарады. Есірткі тізіміне енгізілген препарат қайда сатылып жатыр? Бос қораптар мұнда қайдан келді? Тілшіміз Базаргул Нәдірқызы анықтауға тырысты

Қаладағы орталық базарлардың бірінің қоқыс алаңы – осы. Трамадол препаратының мыңдаған данасы шашылып жатыр. Видео авторы бұл бір күнде ғана сатылған препарат дейді. Әдетте дәрі-дәрмек сыртқы қорабымен сатылады. Аулада тосыннан тау боп үйілген қорапға базар әкімшілігі аң-таң. Бұл сауда орнынан шыққан қоқыс емес деп мәлімдеді.

Гүлсін ХАМЗИНА, САУДА ҮЙІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

Сенбесеңіздер 24 сағат қосылып тұрған видеокамераны қосып, қарап дәлелдеуге болады. Бір жағынан мусор тек біздікі емес. Бүкіл мына үйдің барлығы осы жерге лақтырады. Трамадолды таңертең учасковый таңертең бәрін акт жасап етіп, қағаз жүзінде оформит етіп алып кетті коробкалардың барлығын.

Полицейлер қораптарды жинап алып кеткен. Оның сыртындағы нөмірі бойынша препараттың қайдан шыққанын анықтамақ. Күзет қызметі бейне жазбаны тексеріп жатыр. Ал дәріханадағылар травмадол сұрап баратындарға күдікпен қарайтын болған. Қазір дәрігер рецептімен барғанның өзінде, тексеріп барып, 1-2 күннен соң сатады.

- Трамадол бар ма?

- Жоқ, сатпайды ғой.

- Рецептпен де берілмей ме?

- Кімде рұқсат бар, солар ғана сатады. Менде жоқ.

Үкімет трамадолды есірткі құралдарының тізіміне енгізді. Енді бұл препаратты арнайы рұқсаты бар дәріханалар ғана сата алады.

Шұғыла ТҰРЛЫБЕК, ҚР ІІМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

«Дәріханалық» нашақорлықпен күресу мақсатында психотроптық заттардың тізімі трамадолмен толықтырылады. Сондай-ақ психотроптық анальгетик те бар. Оны есірткіге тәуелділер эйфория әсерін алу үшін пайдаланады және тұтастай алғанда ол есірткіге тәуелділіктің қалыптасуына ықпал етеді. «Қылмыстық жауапкершілікке тартылатын трамадолдың салмағы 0,1 грамм болып белгіленді. Бұл шағын өлшем, ал 10 грамға дейін үлкен өлшем, 10 грамнан асса аса үлкен өлшем саналады.

Қазір тізімде айналымын мемлекет бақылайтын мыңнан астам зат бар. Оған есірткі мен психотроптың тағы 15 атауы, сондай-ақ прекурсорлардың 12 атауы және оларды жасау үшін қолданылатын заттар енгізілген.