$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Дизель отынының қымбаттауы тасымалдаушы компанияларды тығырыққа тіреп отыр

AstanaTV
14.09.2016ж. 20:00
2877
Дизель отынының қымбаттауы тасымалдаушы компанияларды тығырыққа тіреп отыр

Дизель отынының қымбаттауы жолаушы тасымалымен айналысатын компанияларды тығырыққа тіреді. Жағармай бағасы соңғы бір айда 30 теңгеге өскен. Енді олар қоғамдық көліктердегі жолақы құнын екі есеге көтеруді көздеп отыр. Әйтпесе көбісі жұмысын тоқтатуы мүмкін. Сұйық отын төңірегіндегі түйткілді тілшіміз Заңғар Санай тарқатады.

Бір ай бұрын мемлекеттік реттеудің бұғауынан босап, еркін айналымға шыққан дизель отынының құны 129 теңгеге барып тірелді. Жағармайдың қымбаттауы жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорындардың жағдайын қиындатып жіберді. Жиырма жыл бұрын құрылған Қостанайдағы «Альтаир» өндірістік коперативінің еншісінде қалааралық  және халықаралық бағытта қатынайтын 70-ке жуық автобус бар. Кәсіпорын өкілдері солардың ешқайсысынан пайда көріп отырған жоқпыз дейді.

Андрей Кожевин, «Альтаир» өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары:

Қазір кәсіпорын жабылудың алдында тұр деуге болады. Ешқандай табыс жоқ. Қоғамдық көліктердегі жүру құнын 10-20 теңгеге көтергеннің өзінде пайда болмайды.

Заңғар Санай, тілші:

Қазіргі таңда Қостанайда қоғамдық көліктерде жүру құны 60 теңгені құрайды. Бұл бағаны қалалық әкімдік осыдан екі жыл бұрын бекіткен болатын. Алайда өңірдегі тасымалдаушы компания өкілдері жол ақысын кем дегенде екі есеге көтеру керектігін айтады.

Дизель отыны  Шымкентте де шарықтап тұр. Май құю бекеттерінің көпшілігі екі күннен бері жағармайдың 1 литрін 123 теңгеден  сатып жатыр. Автобус жүргізушілері сұйық отын қала сыртында орналасқан бекеттерде 129 теңгеден сатылып жатқанын айтады. Қосалқы бөлшектердің бағасы шарықтап тұрғанда, бұл жығылғанға жұдырық болды деп санайды. Компаниялар да жоспар ақысын өсіріп жіберген.

Дизельді арзандатып, проезды арзандатып қойсын, сол жақсы бізге. Халыққа да қиын, бізге де қиын. Қазір бізде,  міне қараңыз, ішінде халық та жоқ. Час-пиктің кезі, адам жоқ.

Мемлекеттік реттеу алынып тасталғаннан бері, тиісті мекемелер  сұйық отынның нарықтағы құнын жіті бақылауға алған көрінеді. Әзірге негізсіз баға көтергендер анықталған жоқ.

Азамат Сабыржан, облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бөлім басшысы:

Дизель отынына қатысты мемлекеттік реттеу  доғарылғаннан бері департамент қызметкерлері күн сайын бағаларға анализ жасап, қадағалап отыр. Арнайы бекеттерге барып, бағасын қарап. Әзірге монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері анықталған жоқ. Анықталар болса, нарық субъектілері тиісті жауапқа тартылатын болады.

Жағармай бағасы Қарағанды жерінде де қымбаттап, сұйық отынның 1 литрі 121 теңгеден сатылып жатыр.  Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар жергілікті әкімдіктен қоғамдық көлікте жүру құнын бір жарым есеге көтеруді сұраған. Қазір мұнда жол ақысы 80 теңге. Қарағандымен қатар басқа да өңірлердегі тасымалдаушы компаниялар  жол ақысын  көтеруді көздеп отыр.

Заңғар САНАЙ, Айжан ҚУАШ, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ