Қызылжарда сұйытылған газ бағасы 51 теңгеден 75-ке көтерілген. Солтүстік Қазақстан облысы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің жетекшісі Арман Өтегенов, реестрдегі 3 станциядағы ғана баға реттелетінін айтты. Қалған 8 станциядағы баға ...«қанатын еркін қағып» жатыр. Тұрмыста пайдаланатын газ баллонын толтыру да қымбаттаған – литрі 87-88 теңгеге жеткен. Соңғы уақытта газ бен жанар-жағар май бағасының өсуі монополистерге бағытталған сауалмен шектелмейді.
Солтүстік Қазақстан облысы газдандырылмаған өңір. Аймақ жұрты сұйытылған газбен күн көріп отыр. Сондықтан қара алтынды өңдейтін компаниялар "түшкіріп" қалған кезде, теріскейдегі сұйық отын нарығында қарбалас басталады. Бұл жолы да дәл сондай сценарий. Петропавлда өткен аптада газ бағасы 51 теңгеден бірден 75-ке дейін шарықтап кетті. Негізінде табиғи монополияларды қадағалау агенттігі Қызылжарда 58 теңге деген межені бекіткен болатын. Бірақ, бұл қазақстандық көгілдір отынға қойылған баға. Ал газ операторларының сырттан сатып алған өніміне бақылау жоқ екен.
Бауыржан Нұғманов, газ құю станциясының директоры:
Бізге 560 тонна керек. Бірақ мұнай өңдеу компаниясы бізге газдың тек 150 тоннасын ғана берді. Бұл бізге әрі кетсе, он күнге ғана жетеді. Біз қосымша газды Омбыдан да сатып аламыз. Әлгі 150 тонна біткесін, қайтадан Ресейдің газын 75 теңгеден сата бастаймыз.
Қызылжар өңіріне ай сайын көгілдір отынның шамамен 5000 мың тоннасы қажет. Бірақ, тамыз-қыркүйек айларында ақтөбелік мұнай газ компаниясында жөндеу жұмыстарына байланысты теріскейліктер берген тапсырыстың жартысын ғана орындауға қауқарлы. Солтүстік Қазақстан астықты өлке болған соң, газ тапшылығы әрине, орақ науқанына әсер етеді. Өңірдің кейбір элеваторларында егінді кептіру қондырғылары газбен жұмыс істейді. Жиналған өнімді ысырап қылмас үшін элеваторлар көгілдір отынды «Тенгизшевройлдан» сатып алуға мәжбүр болды. Бағасы әлбетте жер мен көктей.
Әділбек Әубәкіров, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Облыста газ жетпегендіктен бізге Атыраудағы «Тенгизшевройлдан» қосымша 1000 тонна бөлінді. Ол элеваторларға бағытталады. Бірақ, оның бағасы қымбаттырақ. Зауыт тоннасын 200 доллардан сатып отыр. Ал Ақтөбеден келіп отырған газ 23 мың теңгеден сатылады. Солтүстік Қазақстан облысында 8 газ операторы бар. Оның алтауы қазір өнімді талонмен босатып жатыр.
Мұнайлы өлке болып саналатын Ақтөбеде де қазір газ тапшылығы төстеп тұр. Өңірдегі 69 газ құю станциясының басым бөлігі өнімді талонмен босатып жатыр. Дегенмен, қазан айында жаңғырту жұмыстары аяқталып, барлығы қалпына келеді, деп сендіреді жергілікті шенеуніктер.
Айбек Қайыр, Ақтөбе облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Қыркүйектің он сегізінен бастап екінші газ өңдеу кәсіпорны жоспарлы жөндеуге жабылады. Өткен айда есіңізде болса, бірінші газ өңдеу кәсіпорны жаңғыртылған болатын. Қазір Ақтөбеде сұйытылған газ 40-45 теңгеден сатылып жатыр.
Ал Өскеменде жедел жәрдемді газбен қамтамасыз етіп отырған компания шығынға белшеден батып отыр. «Капан» серіктестігі жедел жәрдем қызметімен келісім-шарт жасасып, көгілдір отынды жылдың аяғына дейін 48 теңгеден ұсынуға міндеттелген. Алайда, табан астынан газдың нарықтағы көтерме бағасы 60 теңгеге дейін өскен. Ал кәсіпорынның газ қоры уақытынан бұрын таусылып қалса керек. Енді компания табысты былай қойып, тығырықтан шығар жол іздеп әлек.
Аманхан Абайделдинов, «Капан» ЖШС директоры:
Газ мәселесі қазір қиын болып тұр. Шығынға батып жатырмыз. Үкіметтің қаулысы бойынша газ бағасы 110 пайызға қымбаттады. Ал бізге бағаны тек 30 пайызға ғана өсіруге рұқсат. Тиімсіз. Келісім-шартқа қол қойғаныма өкініп отырмын. Бірақ, басқа амал жоқ. Заңды түрде берілген уәдені орындау керек.
Ал Шымкентте дизельдік отынның бағасы аспандады. Тамыз айында жанармай бекеттерінде сұйық отын 108 теңгеден сатылса, қыркүйектің басында өнімнің бағасы 115-ке дейін жеткен. Ал бүгінде кейбір станцияларда тіпті 128 теңгеге дейін көтерілген. Баға шарықтауының шеті қоғамдық көліктерге тиіп отыр. 22 жылдан бері автобус тізгінін ұстап келе жатқан Қанат Пернебеков қазір не істерін білмей дал.
Қанат Пернебеков, қоғамдық көлік жүргізушісі:
Пайда қалып жатқан жоқ қазір. 2-3 мың теңгені әзер істейміз. Бірақ, солярка қымбат енді. Айтса да, айтпаса да. 127 теңгеден құйып жатырмыз қазір. Күніне 10 мыңға құямыз. Жасайтынымыз 4 айналым.
Ал энергетика министрлігі таратқан ресми ақпарға сүйенсек, елімізде сұйытылған газға деген сұраныс былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Дегенмен, өңірлер белгілі бір көлемге берген тапсырысын толықтай игермейді, дейді құзырлы орган. Мәселен, 2016 жылдың шілде айында аймақтық газ операторлары 101 мың тоннаға өтініш жазып, кейін оның тек жартысын ғана пайдаланған. Сондай-ақ, көгілдір отын дефицитінің себебі де айтылған. Құзырлы органның пікірінше, сұйытылған газ контрабандалық жолмен шекаралас елдерге тасымалданады. Себебі, Қазақстанда мұнай өнімінің бағасы 23 мың теңгеден сатылса, бейресми ақпаратқа сәйкес, Ресейде оның бағасы 85 мың теңге, ал Тәжікістанда тіптен 100 мыңнан асып жығылады.
Зияш Қияқбаев, ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры:
Мемлекеттік кіріс комитеті сұйытылған газдың шетелге заңсыз сатылуының бірнеше фактісін әшкере қылды. Қазір біз құқық қорғау органдары және ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, бұған тосқауыл қоюдың жолдарын қарастырып жатырмыз. Мұнай өңдеу зауыттарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды.
Тәуелсіз сарапшының пайымдауынша, мұнай өңдеу зауыттары шетелдегі қымбат бағаға қызығып, ішкі нарыққа онша мән бермейді.Осыған байланысты алпауыт компаниялар қазақстандық тұтынушыларға бет бұру үшін үкімет 2 ай бұрын газ бағасын 13 мыңнан 23 мың теңгеге дейін көтерген. Ішкі тапшылықты жою үшін мұнай өңдеу кәсіпорындарының санын көбейтіп, монополиялық жүйеден арылған жөн, деп санайды сарапшы.
Мақсат Сералы, экономист:
Қосымша зауыттар қосылуы керек. Кем дегенде ішкі нарықты қамтасыз ету үшін кем дегенде әлі 2-3 үлкен зауыттар керек. Қазіргі таңда алып қарастыратын болсақ, ішкі нарықты біз мұнай өнеркәсібі 70 пайызға дейін қамтамасыз етіп тұр, 30 пайызын біз Ресей Федерациясынан алып жатырмыз. Сондықтан ол тәуелділіктен құтылып, қосымша мұнай өңдейтін, газ өндіретін зауыттарды көбейту керек.
Осы уақытқа дейін
сұйытылған газға деген сұраныс арзан бағаға байланысты жоғары болды. Ал соңғы
айдағы шарықтаған баға қарапайым тұтынушыларды
үркітіп жіберді. Енді көлік
жүргізушілерінің газдан мүлдем бас тарта бастайтыны анық.
Александр Смирнов, Петропавл тұрғыны:
Жасанды дефицит пе, әлде табиғи тапшылық па белгісіз. Бірақ баға қол жетімді емес. Көлік газды жанармайға қарағанда көбірек жейді. Есептей келе, бензинге кететін шығынға сәл жетпей тұр деген шешімге келдік. Қазір газдан құтылуды ойластырып жатырмыз.
Абзал Құрманкин «Біздің
уақыт».