$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Энергетикаға құйылатын инвестиция азайған. Балқаш ЖЭС салынбайтын сияқты...

AstanaTV
17.09.2016ж. 20:00
2128
Энергетикаға құйылатын инвестиция азайған. Балқаш ЖЭС салынбайтын сияқты...

Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, былтыр энергетикалық салаға құйылған ғаламдық инвестициялар 2 трлн доллардан 1,8 трлн долларға азайған. Бұл 200 млрд доллар деген сөз. Мұны агенттіктің сараптамалық баяндамасына сүйенген «Ведомости» басылымы жариялады. Қаржыны «тазарақ» энергия көздеріне салу артқан. Энергетикалық инвесторлар көшін Қытай бастайды: 315 млрд доллар құйған. Айта кететіні, инвестицияларын негізінен көмірсулар көлемі аз нысандарға бағыттаған. Одан кейін АҚШ: 280 млрд доллар. Ал Таяу Шығыс пен Ресейдің энергетикаға құятын инвестициялары құлдырап барады. Олар геологиялық барлауға мән береді: инвестицияларының 44 пайызы соған жұмсаған.

Бұл ақпаратпен жалғастыратын тақырып – Балқаш жылу электр станциясының құрылысы.

Тамыз айының соңында оңтүстік кореялық Samsung C&T Corp және Samsung Engineering Co Ltd Балқаш жылу электр станциясының құрылысын салуды тоқтатындары туралы мәлімет таратқаны мәлім. Reuters жобаның жалпы құны 4,5 млрд доллар екенін еске салған. ЖЭС-н бірлесіп салатындарын Қазақстан үкіметі мен оңтүстік кореялық  компаниялар 2014 жылдың желтоқсанында жарияланған. Қарағанды облысының Үлкен кентінің аумағында қуаты 1320 МВт көмірмен жұмыс істейтін электр станциясы салынуы керек етін.

Шетелдік компаниялар жобадан бас тарту себептерін мұнай бағасының төмендігімен, сонымен бірге қазақстандық бюрократиядан шаршағандарымен түсіндірген.

 Бұл хабарлама жоба тоқтады дегенді білдірмейді. Қазақстан инвестормен 60 күн ішінде тағы «сөйлеседі»...  Алайда райдан қайтару... Еліміздің оңтүстігін электр энергиясымен қамтамасыз етеді деген жоба неге тоқтап қалды, басқа инвестор табыла ма? Бюджетке салмақ салып, қалпына келтіру варианты қалай? Ол соған тұра ма – онсыз да солпиған бюджеттен қомақты қаржы тарту? Мүмкін бұл жобаны мұздай қатыратын шығар? Айгүл Әдепбай жалғастырады.

Бізде не көп, алаулатып, жалаулатып, қызыл кілемді төсеп тастап, қызыл лентасын қиып тастап, сән-салтанатын келістіріп ашатын мега жобалар көп. Алайда олардың ашылуынан жабылуы тез болатыны соңғы кезде жаман тенденцияға айналып бара жатқаны өтірік емес. Жылына қосымша 9 млрд кВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді деген Балқаш жылу электр станциясы құрылысы басталмай жатып, тұралап қалған толағай жобалардың жолын қуатынға ұқсайды.  

2012 жылдың қыркүйек айы. Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Оңтүстік Корея республикасының бұрынғы президенті Ли Мён Бактың қатысуымен Балқаш жылу электр станциясы құрылысының басталуын сипаттаған салтанатты рәсім өтті. Жобаның қуаты 4000 МВт дейін жетеді деген жоспар жасалды. ЖЭС құрылысы жобасын «Самұрық-Энерго» АҚ «Samsung Engineering Co Ltd» және «Samsung C&T Corporation» Корея консорциумымен бірлесіп жүзеге асыруға келісті. Электр станциясының бірінші блогы 2017 жылдың желтоқсанында, екіншісі 2018 сәуірінде іске қосылу керек болған. Қуаты 1320 МВт болатын бірінші модульдің құны 2,3 млрд доллар. Ал жобаның жалпы құны 4,5 млрд долларға бағаланғанын жазды, кейбір ақпарат құралдары. (капитал.кз) Дегенмен жоба құны жабық ақпарат. Ал бүгінде энергетика министрлігі Балқаш жылу электр станциясы туралы артық ауыз сөз айтуға батпайды. Министрдің орынбасарлары бәлесінен аулақ деген сыңай танытты.

Ғани Сәдібеков, ҚР Энергетика вице-министрі:

Я не уполномочен отвечать на эти вопросы. Я не курирую эти вопросы к сожалению.

Шенділердің шіренбей, тартынып сөйлеуі тегін емес. «Балқаш жылу электр станциясы» АҚ Кәріс фирмалары тарапынан келісім-шартты бұзу туралы екі ескерту алды өткен айда. Осыдан соң жобаның бұлыңғыр болашағын болжап байбалам салғандарға жылу электр станциясы ресми сайтында түсінік берді. Жоба әлі "мұздатылмаған" да, "қатырылмаған" да сенер болсақ.

Графика: «Кейбір ақпарат құралдарынан Балқаш ЖЭС құрылысы тоқтатылатыны туралы ақпарат тарауына орай, «Балқаш ЖЭС» АҚ 31 тамызда «Samsung C&T Corporation» компаниясынан «Балқаш ЖЭС» өздеріне тиесілі акцияларын Қазақстан сатып алсын деп талап еткені туралы және «Samsung Engineering Co Ltd» компаниясынан құрылыс туралы келісім-шартты бұзатындары туралы ескерту алғанын хабарлайды. Жобаны жүзеге асыру талаптары бойынша Қазақстан тарапының ескертпе алған уақыттан бастап 60 күн ішінде кәріс инвесторларымен қарым-қатынасты реттеуге мүмкіндігі бар. Қазір жобаны тоқтату бойынша соңғы шешім қабылданған жоқ».

Кәрістер неге айнып қалды. Алып жобаны неліктен орта жолда тастап кетпекші. Шенеуніктерден мардымды жауап болмағасын, сарапшы мамандарға жүгіндік. 

Айдархан Құсайынов, экономист:

Өкінішке қарай, Балқаш ЖЭС-сы Қазақстанда қалыптасып қалған тәжірибені қайталап жатыр. Үкімет боямалап жібереді. Жобаны айғайлатып, инвестор іздейді. Өтірік-шыны аралас нәрселерді айтып, оны жобаға кіруге көндіреді. Инвестор келіседі. Ал нақты келісім-шартқа қол қойып, міндеттемелер алып, іске кіріскен кезде Үкімет өзіне кепілдемелер алуға асықпайды. Ақшасын салғасын, ол компанияларға кепілдеме керек қой. Үкімет тарапынан осындай реакциялар көргесін, инвестор жобадан кетуге асығады.

Үкімет неге тартынып қалды? Сала мамандарынан сұрадық. Билік еліміздегі электр энергетикасының потенциалын қайта қарап, жаңа жылу электр орталығының қуаты дәл қазір қажет емес, артық деген есеп жасағанын айтты, тау-кен металлургия кәсіпорындарының атқарушы директоры Николай Радостовец.

Николай Радостовец, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры: 

Менің ойымша, бұл шешім негізді және Қазақстан Үкіметіне тиімді. Елде электр энергиясының профициті байқалады. Сондықтан бұл ойланып барып қабылданған шешім. Қуаттылық 2 млн. мегаваттан асады. Ал өзіміздің қазіргі станциялар толық қуатымен істеп тұрған жоқ. Сонда жаңа станцияның не керегі бар? Менің ойымша бұл өте дұрыс шешім. Жағдайдың бағаланғаны жақсы болды. Иә, 4-5 жыл бұрын осы жоба жоспарланған кезде, ахуал басқаша еді. Ол уақытта электр қуаты тапшы болды. Қазір біз энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қолдаймыз. Ол қуаттылықты нақты есептеді. Электр энергиясы артылып жатқанда, жаңа жылу электр станциясын салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Николай Радостовецтің айтуынша, оңтүстікке қуат көзі жетпейді деген мәселе өткен күннің еншісіндегі әңгіме. Қазір Оңтүстік аймақтарда шағын өзендер бойында кіші-гірім станциялар салынып жатыр. Жамбыл су электр станциясы да толық қуатта еместігін ескерсек, Балқаш станциясының маңыздылығы төмендейді,- деп отыр, маман. Ал кәрістерге талап етіп отырған шығындарын қалай өтейміз, ол басқа сұрақ.

Николай Радостовец, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры: 

Менің ойымша, бұл жобада Самұрық-Қазына қоры мен оның еншілес кәсіпорны Самұрық-энерго болғандықтан, соларға ойлану керек. Ең бірінші кезекте өтемақы емес, ол жерге не салынды, соның шығынын есептеу қажет. Менің білуімше, ол алаңға коммуникация инженерлік желілер тартылған. Яғни істелген істі нақты бағалап, соны сатып алу керек.

Ал экономист Ғалым Құсайынов тығырықтан шығудың екі жолын атады. Девальвацияның әсерінен жоба құрылысының өзіндік құны артты деген ол, енді электр энергиясының тарифін көтеру керек немесе кәрістерге кепілдік беру қажет деп отыр -  ертең өндірілетін қуат көзіне сұраныс болады деген. Немесе жобаны мүлдем жауып тыну керек.

Ғалым Құсайынов, «brb invest» бас директоры, экономист: 

Қазір бұл жобаны қатырып, шығын көргенімізді мойындау керек.  Ал Үкімет құрылысты бастап, кейін жоба өзін ақтамай жатса, мәселе шиеленіседі.  Бұған жол бермеу керек. Кәрістердің үлесін сатып алуға міндеттіміз. Енді оны сатып алып, кейін құрылысты орта жолда қаңтарып қойып, қазіргіден де артық шығынға батсақ, ол тіпті қате.

Қазақ үкіметіне Балқаш жылу электр станциясының тамырына қан жүгірту үшін жаңа инвестор іздеудің қажеті жоқ деген пікірде, кей сарапшылар. Дегенмен, кәріс компанияларының алдында келісімдегі міндеттерді орындау керек деп отыр. Ал кәрістердің шығыны туралы мәлімет жоқ. Шетелдік инвесторлар шашқан қаржыны қай көзден және қай уақытта өтейміз деген мәселе  ашық күйінде. Қазақстан кәрістердің жылу орталығындағы үлесін қай қаржыға сатып ала алады? Тағы бюджеттің бүйірін тістей ме, әлде басқа амал таба ма, министрдің өзі Балқашқа қатысты сұрақтан басын алып қашты.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Незнаю обратитьсь к партнерам это "Самрук" и "Самрук Энерго". Не буду пояснять.

Айгүл Әдепбай, Еркебұлан Кенжеғұлов, «Біздің уақыт».