$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Бала құқықтары. Шымкенттегі бала қылқындыру оқиғасы...

AstanaTV
17.09.2016ж. 20:00
4180
Бала құқықтары. Шымкенттегі бала қылқындыру оқиғасы...

Еліміздегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева келтірген есепке жүгінсек, ішкі істер органдарының тіркеуінде жыл сайын 12 мың отбасы тұрады. 

 Оларда 17-18 мың бала бар. Сол 17-18 мың бала күн сайын өмір үшін күреседі, себебі әке-шешелері моральдық тұрғыдан да, ұрып-соғып та мансұқ етеді. Тиісінше, жаны өшпенділікке толы, тасбауыр, қайырымсыз, түзу жүріп-тұруды білмейтін жасөспірімдер азаяр емес. Жылына бұзақы, қылмыс жасау түк емес  10 мың баланы полиция тіркеуге алады,- деді Балиева, осы мәселеге орай Астанада өткен халықаралық форумда. Ал Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің баяндамасына жүгінсек, жүріс-тұрысы  «біртүрлі» дейікші, балалар тәрбиеленетін жабық мекемелер педагогтарының 40 пайызы балаларға күш қолданған. Бұл 3 жыл бойы жүргізілген сауалнаманы түйіндеп, қорытқанда шыққан есеп. Отбасы, мекемелер, көшелердегі зорлық-зомбылық туралы зерттегендерінде жауап берген балалардың жартысы таяқ жегендерін айтқан.

 Бұған «кәдімгі» саналатын отбасылардағы сырт көзге көріне бермейтін агрессияны қосыңыз. Шымкентте 4 жастағы баланың анасы ұлын бірнеше баланың жіппен қылқындырғанын айтып, шағымданып отыр. Ал балабақша меңгерушісі бала ойнап жүріп, құлап қалған,- дейді. Топтың тәрбиешісі сөгіс алған, артынша жұмыстан шығып кеткен.

 Бұл оқиға қоғамдағы өшпенділік деңгейіне байланысты жалпы талдаудан бастап, мектепке дейінгі білім мекемелерінде қит етсе, жұмыстан шығара салатын немесе «еркімен кететін» тәрбиешілердің деңгейіне байланысты жалқы сауалдарға түрткі. Тараптардың дәйектерін Айзада Төребекқызы таразылайды.

7-қыркүйектегі түсірілім бұл. 4 жасар Марктың мойны қызарып, қанталап тұр. Мұны баланың әкесі түсіріп алыпты. Айғақ ретінде. Анасы Алина Хаджиеваның айтуынша ұлын өзімен ойнап жүрген бірнеше бала қармақтың жібімен қылқындырып, өлтіре жаздаған. Балам тіпті есінен танып құлағанда жанында тәрбиешісі де болмапты,- дейді ашынған ана. Ал өзіне қоңырау шалған өзге тәрбиеші «ұлыңыз құмда ойнап отырып құлап қалды» деп шақыртқан. Бірақ талай көзі көгеріп, беті ісіп кеткенде бұлай шақыртпайтын еді, деп секем алып қалдым. Күдігім бекер болмады,- дейді Алина. 

Алина Хаджиева:

Мен күйеуімді жібердім. Оның алдынан  Айгүл деген тәрбиешісі  шығып, кешірім сұраған. «Мен сол сәтте орнымда болмап едім, балаға не жағдай болғанын көрмей қалдым» деп жылай беріпті.  Бұл сәтте балалар ұйықтап жатқан. Күйеуім баламды сыртқа шығарып сұрағанда Марк балалардың өзін қалай қылқындырғанын көрсетіп беріпті. Бастырмада пластикалық жасанды гүлдер қармақ жібімен ілініп тұрады. Сол жылтыр жіппен буындырғанда ондағы пластик гүлдер тамағына қадалыпты. Балам өмірі өтірік айтқан емес. Естігенде есімізден тана жаздадық.

 Артынша өзі де жеткен Алина полиция мен қоса жедел -жәрдем шақыртқанын айтады. Ата-анасы жеткенше медбике жарақатына  май жағып қойыпты,- дейді. Дәрігерлер «тамақ еті зақымданған» деген қорытынды берген. Осы жағдайдан кейін ата-анасы Маркті дереу өзге  бақшаға ауыстырып алды. Ал «баламды қараусыз қалдырып, өлтіре жаздаған қызметкер тиісті жазасын алсын», дейді. Полицияға осылай деп арыз түсірген. Алайда балабақшадағылар баланың зақым алу себебі мүлдем басқа ,- дейді. Мектепке дейінгі мекемедегілер -Марк ойнап жүріп жонылған тақтайға мойнын сырып алды,- деп түсіндіреді.

Меңгеруші оқиға орын көрсетіп тұр:

-Міне бала мына  жерде жүгіріп жатып құлап қалды. Міне, мына жерге құлады да, сырып кетті тамағын. Болды.

 Марктің тәрбиешісі Айгүлге осы жағдайдан соң сөгіс берілген. Артынша "денсаулығына" байланысты «өз өтінішімен» жұмыстан шығып кетіпті. Ол бұл мекемеде 4 жыл қызмет еткен.

Қалбүбі Тұңғышбаева, № 14 «Сұңқар» балабақшасының меңгерушісі:

Өзі құлады,сонымен жүгіріп барып көтердім деп отыр ғой.Қасында отырдым, балалардың қасында болдым деді. Балалар бірін бірі итеріп, сүрініп қалды бала.

-Мамасына бала қылқындырды деп айтыпты.

-Оның бәрі өтірік, жала жауып жатыр, мамасы.

-Сол күні көмекшісі болды ма қасында?

-Әрине, болды. Бірақтан ол көмекшісі далада неғылмайды. Ол өзінің тірлігін істеп жүреді. -Бір өзі болған ғой?-Ия, балалармен бір өзі болды.

 Ал бұған дейін безендіру құралы ретінде ілулі тұрған жіптер мүлдем алынып тасталыпты.

Қазір ұл іспен полиция айналысып жатыр. Тәрбиешінің үстінен ҚР ҚК 141 бабының 1 бөлігі яғни,«балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары баланың қандай жағдайда жарақат алғаны сот-медициналық сараптаманың қорытындысы нәтижесінде  белгілі болатынын айтады.

 «Сұңқар» балабақшасында бар болғаны 4 топ бар. Небәрі 8 тәрбиеші жұмыс істейді. Мекеме қызметкерлері болған жәйтті  жазатайым болған жағдайға балайды. Тіпті «Айгүл сол күні есінен танып қалды. Мұны арызданушы ата-ана өз көзімен көрді, соған қарамастан жұмыстан шығартты деген әріптестері, «олардың ашуы неге әлі тарқамай жүр» деп «таңғалады».

 Мұғалімді шығарып жіберіпті, енді сізге не керек деп оған сұрақ қоймадыңыз ба?

-Кімге?

-Сол ата-анаға.

-Ол кісі жазасын алсын деп отыр.

-Жазасын алды ғой ол. Жұмыстан шықты енді, өзінің жүрегі ауырады.

Жалпы, біздің айтпағымыз бұл емес. Айтпағымыз - жұмыстан шығарумен бала өмірін сеніп тапсырған мекемелердегі мұндай «құлап қалу, сүрініп кету» жағдайлары азая қойса жақсы.  Арызданушы Алинаның айтуынша бұл сол бақшадағы алғашқы келеңсіздік емес секілді.

Алина Хаджиева:

Үлкен ұлым да осы бақшаға баратын. Балалар ұра береді, бармаймын деп жиі жылап келеді. Тәрбиешілер «олар бала ғой деп ақталады. Ал өздері тек ақша жинайтын кезде белсенді. Балаларға тек іште мультфильм қойып берумен шектеледі. Тапсырма беріп алдандырса болады ғой. Менің балам сабырлы дей алмаймын.Тынымсыз.Бірақ тәрбиеші сол үшін айлық алып отыр емес пе?!

Айлық демекші, тәрбиешілердің жалақысы анау айтқандай қомақты емесі белгілі. Білім бөлімінің мәліметінше 38 мың мен 50 мың теңгенің аралығында. Соған қарамастан оларға қойылатын талап жоғары.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы:

1 теңге айлық алатын болса да бірақ жауапкершілік пен міндетті жүктелгеннен кейін оған әрбір азамат жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймын. Міндетті түрде бұл тәрбиешінің де,сол балабақша меңгерушісінің де жіберген салғырттығы, жұмысына деген.

Әр бала бір -бір үйдің әздегі екенін ескерсек, тентектік жасамай тұрмасы анық.  Сондықтан балаларды көзден таса қылмауға тырысамыз,- дейді Шымкенттегі жекеменшік балабақшалардың біріндегілер.

Балнұр Дүйсенова, балабақша әдіскері:

 Тәрбиешілер далаға балалармен шығатын уақытта міндетті түрде тәрбиеші және тәрбие көмекшісі екеуі бірге міндетті түрде далаға шығады. Өйткені баланы көзіңді ала бергеніңше бала  жүгіріп бір жағдай болады, жүгіреді ол, ойнайды олар. Азанғы 8-ден кешкі 18-ге дейін біз сол баланы қабылдап жатқаннан кейін біз сол баланың өміріне, денсаулығына жауаптымыз.

Жалпы, мектепке дейінгі мекемелерге тәрбиешілік қызметке кімдер барады? Олардың білімі қандай? Қойылар талап  қаншалықты жоғары?-  деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. Қолдағы деректерге сүйенсек, Шымкент қаласы бойынша 88 мемлекеттік балабақша жұмыс істейді. Онда 2253 тәрбиеші қызмет атқарады. Соның 376-сы жоғары санатты. 439-ы 1-санатты. 750-і 2-ші санатты екен. 40 пайызы  оқу орнын бітіріп, жаңадан қызметке кіріскен, яғни санат алып үлгермегендер. Қара жаяуы жоқ. Соған қарамастан баланың тілін таба алмайтындары бар,- дейді белгілі педагог Клара Қанжігітова.

Клара Қаражігітова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:

 Тек қана баланы тамақтандырып,ойын ұйымдастыру емес, әр баланың ерекшелігін, әр баланың қызығушылығын, келешекте қандай азамат болатынына дейін мен байқап, соның дамуына әрекет жасауы керек.

Клара апай көпке топырақ шашудан аулақ екенін айтады. Дегенмен балалардың қолына ойыншық ұстатып қараусыз қалдыратын тәрбиешілердің талайын көргенін жасырмайды. Зейнеткер ұстаз жоғарыда айтқандай «қылқындыру» фактісін баланың үйде, теледидардан көргенін істемей тұрмайтындығымен байланыстырады.

Клара Қаражігітова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:

 Жаман фильмдерді көргендіктен, бала ол ойсыз, санасыз қабылдайды. Соны қабылдайды да соны қайталап істейді.Одан кейін кітап оқу, ертегі оқу балаларға мәселесі нашар. Балабақшада мысалы, балалармен кітап оқып, балалардың ой –өрісін  дамытуға барлық жағдайды жасау керек.

Ерке Бәйдібекова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:

Шын мәнінде 2-3 жаста  әкеп тастайды баланы садикке, ол 7 –ге келгенде үлкен азамат болып шығады байқасаңыз.соған тәрбиешінің үлесі бар. Жоқ емес, бар. Сондықтан тәрбиешілерге барлық ауыртпалықты сала беруге болмайды. Тәрбиешілерді біз жоғарғы оқу орнында немесе колледждерде дайындаудың жағдайын ұйымдастыруымыз керек. Оларға көбірек грант бөлу керек. Дені сау, білімді ,болашағы жарқын ұрпақ дайындауымыз керек. Ол балабақшадан басталады.

Айзада Төребекқызы, Серік Талас, «Біздің уақыт».