$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Маман көп... Маман жоқ...

AstanaTV
17.09.2016ж. 20:00
1928
Маман көп... Маман жоқ...

Аутизм диагнозы қойылған балаларын  жетектеген аналар ұл-қыздарының бетін бері қарататын әлеуметтік саладағы мамандарды іздейді. Алматылық Юля Максимова солардың бірі. Егіздер туылғанда дәрігерлер аутизм дертін анықтапты. Бұл сырқат –әлеуметтік қарым-қатынас жетімсіздігіне соқтыратын ми қызметінің бұзылуы екенін медицина да дәлелденген. Жас ана қос құлыншағының ортаға бейімделуі үшін жүріс-тұрысты анықтайтын сарапшылар болса,- дейді.

Юля Максимова: 

Біздің аутизм дертіне ұшыраған балаларымызбен қазіргі кезде тек логопедтер жұмыс істейді.  Ал, психологтарды сирек кездестіреміз.  Бірақ біздің балаларды оңалтуға қажетті мамандар бұлар емес. Өйткені сырқат балалардың ақыл-ойы кеміс емес, жүріс-тұрысы мен мінез-құлқында ауытқушылық болып жатыр.  Олар пазлды жақсы құрастыру мүмкін. Бірақ қасықпен ас іше алмайды. Сондықтан педагог, психологтарды дайындайтын білім ордаларын да жүріс-тұрысты анықтайтын сарапшыларды, тьютор мамандарды оқытса деймін. Олар үнемі баланың қасында жүріп қадағалайтын болса, қатарынан қалмай мектеп табалдырығын аттайды. Тек мемлекетке масыл болмай, қоғамға бейімделер еді.

Білім және ғылым министрлігіне жүріс-тұрысты қадағалайтын сарапшы, тағы басқа - заман талабынан туған қажетті мамандықтарды игеруге назар аударыла ма?- деп сауал жібергенбіз. Жауап мынадай: Барлық мамандықтардың үлгілік оқу жоспарларында міндетті пән ретінде «Философия» пәні қарастырылған. Осы пән шеңберінде білім алушылар «Этика» тақырыбын қарастырады. Философия пәнінің аясында, этика тақырыбы,- дейді. Айтып отырғанымыз жеке дайындайтын мамандық екенін білім министрлігіне біз түсіндіреміз бе? Ал, аутист балаларды оңалтатын орталық мегаполистің өзінде санаулы. Біреуі жүз ғана баланы қабылдай алады. Сыртында 700 бүлдіршін кезегін күтіп тұр. Юляның сөзін ұлағатты ұстаз Аягүл Миразова да қолдап отыр. Ерекше қарайтын баланы айтпағанда қазір мектеп қабырғасындағы сау балалардың да мінезінде  ауытқушылық байқалады. Мысалы, партаның астына жасырыну сынды әдеттер қаптаған. 

Аягүл Миразова, Қазақстанның  еңбек  ері:

Осыдан 10-20 жыл бұрынғы балалармен салыстыратын болсақ, олар басқалау еді. Соны анықтайтын - қандай дәрежеде ауытқушылық нормадағы мінезден, сондай мамандар болса, біз көп нәрсеге қол жеткізер едік.  

Бұрын әскери киімдегі  ұстазды көрсе, кеудесін патриоттық сезім шымырлататын оқушылардың қатары қазір азайған. Күн-райы сияқты жиі құбылатын білім реформасы  жігіттерді жігерлендіріп, ел тыныштығын күзететін қырағы сарбаз болуға тәрбиелейтін тәлімді тежеді. 

Аягүл Миразова, Қазақстанның  еңбек  ері:

Алғашқы әскери дайындықты өзім оқыған кезде мектепте әскери адамдар жүргізетін еді. Олар тіпті  киім кигеннен бастап, қаруды қалай жинап, қалай шашуға дейін қыз ба, ұл ма түгел үйренетінбіз.  Дегенмен соғыс болмай- ақ қойсын. Бірақ қай уақытта да еліңді қорғауға дайын тұрған артық болмайды.

Жаһандық климаттық өзгеріс бүгінде жойқын табиғат дүлейінің алдын-алуға болатын мүмкіндіктерді қарастыратын мамандарды жоғары деңгейде дайындауды ескертіп отыр. «Гидрология» саласының ішінен «сел» саласын  бөлек алып оқытайық дегенді  география саласының майын ішіп, жілігін шаққан профессор  Борис Степанов жиі айтып жүр. Бірақ құлақ асқандар шамалы. Алматыны жиі нөсер-су басып, сел жүрсе де  жоғары оқу орындарында «селтану» мамандығын енгізуге ешкім асықпайды. Былтыр 2 млрд теңге шығынға батырған «Қарғалыдағы» жағдай сабақ болмады,- деп қынжылады білікті маман.

Борис Степанов, география ғылымдарының докторы, профессор:

Елімізде селдің жағдайын білетін мамандар саусақпен санарлық. Олардың өзі  60 -ты алқымдаған ақсақалдар. Қазір университетте оқып жүрген жастардың білімі таяз. Өйткені қазір «селтану» ғылымы  гидрология саласының ішінде оқытылады. Бұл екеуі екі бөлек ғылым. Өзіңіз ойлаңызшы суды  селмен  салыстыруға болады ма? Сел тек су емес, оның ішіндегі бір тастың көлемі біз отырған бөлмеден асып түсуі мүмкін. Сондықтан екі ғылымды бірге оқытып, шатастыруға болмайды.

Кезінде селдің жағдайын  тікелей қадағалаған Қазақтың гидрометеорологиялық ғылыми-зерттеуинститутында 50 ғалым болса, қазір Казгидромет орталығында бір ғана селтанушы отыр. Ол  – Борис Степанов. Оның  өзі 80-ге келді. Ал, жастар бұл салаға келер ме еді, егер қызығушылығын арттырса. Бір семестрден аспайтын пәннен кім не түсінсін? Осындай олқылықтан  опық жемесек болғаны,-дейді. 2 млрд теңге шығын тиын болып қалатын шығындарға батуымыз мүмкін.

 Бейнеқыстырма: сел

«Қызық» болғанда қазір агроном да тапшы. 2002 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келген Қоныс Ермановтың сөзінше, агроном жоқтығы кәсіпті дөңгелетуге қолбайлау болып отыр. Алқапта тер төккісі келетіндер некен-саяқ. Ниет білдіргендердің көбі дипломсыз мамандар. Олар негізінен  қара жұмыспен айналысады. Топырақтың құнарын іздеп жатқаны шамалы.

Қоныс Ерманов,  «Дастан» шаруа қожалығының басшысы:

Бұрынғы совет үкіметінен қалған агрономдар бар. Жасы келіп қалды, екіншіден жаңа технология бойынша мамандықтар өзгерді. Бір мезет байланыс үзіліп қалды. Жастар мен ауыл арасында байланыс үзіліп қалды.

Еңбек нарында қарама-қайшылықтар жетеді. Мысалы, алматылық Гүлназ есімді ару дипломы бола тұра жұмыс таба алмай жүр. Білімі бүгінгі сұраныстағы мамандық. Техниканың құлағында ойнайды. Бірақ жұмыс берушілер маманды таңдағанда әйтеуір ілік табуға тырысады. Тіпті  жынысына қарай іріктейтін көрінеді. Қыз бала болса теріс қарайды, ер баланы ойланбастан жұмысқа алады. Бұндай талаппен өмір бойы сарғайып жұмыс күткенше, кез-келген салаға бас сұғуға тура келеді,- дейді Гүлназ.

Гүлназ, Алматы тұрғыны: 

Негізі алған білімім техникалық білім - видеоинженер. Бірақ қазір өзімнің алған дипломыммен жұмыс істеп жүргенім жоқ. Себебі қыз балалар техникаға жақын емес деп есептейді. Сол үшін де техникалық білімім бола тұра, басқа мамандықтан жұмыс іздеуге мәжбүрмін.

Елде 150 университет бар. Ондағы мамандық саны 599. Оның ішінде бакалавриат деңгейі бойынша 174, ал, магистратурада  189 мамандық бар.  Білім ордасының саны жағынан Ұлыбританиямен иық тірестірдік. Университет көп болғанымен, сапа көрсеткіші белгілі. Қазір жүйе парамен шырмалған деген пікір қалыптасқан. Академик Асқар Жұмаділдаев осылай дейді.

Асқар Жұмаділдаев,  академик:

Cтуденттің өзі оқығысы келмейді. Оқудың орнына көкесі арқылы, туысқаны арқылы шешкісі келеді. Сессияның кезінде туысқан қаптап кетеді мен де. Неге? Өйткені біздің психология, менталитет бөлек. Ағайынгершілік дейтін ұғым бар. Бұл негізінде жақсы ұғым. Бірақ біз бұл ұғымды теріс жағына жұмсадық. Пышақпен нан кесуге болады, пышақпен соқырішекті алуға болады, пышақпен адам өлтіруге болады. Ағайынгершілікпен жақсы іс жасауға болады. Мысалы, асарлатып үй салуға болады жетімге. Сонымен қатар парақорлыққа да баруға болады. Мінекей, осының айырмасын біз ажырата білуіміз керек.

Бізде мамандық алып шыққан түлектердің жұмысқа орналасуы да үлкен проблема.

Айдархан Құсайынов, экономист:

Бізде өндіріс аз. Мамандар оқуға түскеннен кейін орналасатын жері жоқ екенін біліп, білімге немқұрайлы қарайды. Бір сөзбен айтқан да диплом үшін оқиды.  Ал, өндіріс орындары кейін сол диплом үшін оқығандардың жұмысынан нәтиже болмайтынын айтады. Оқу бітірді деген құжаты барлар көп, бірақ олардан пайда жоқ.

Дайын өнім, дайын тауар шығаратын елге айнала алмаған кейпімізге де етіміз үйренген. 

Асқар Жұмаділдаев,  академик:

Бізде қазір индустриалды-инновациялық жобалармен бес па, он ба зауыт ашылды. Қайсысы істеп жатыр? Планшет шығарамыз деді. Қайда планшет? Алатаудың бөктерінен компьютер шығарамыз деді 200 долларға. Қайда сол компьютерлер? Жігіттер алды дағы үкіметтің ақшасын ұрлады да қашып кетті бәрі.Самолет шығарамыз деді. Вертолет шығарамыз деді. Қайда вертолет? Экологиялық таза бензин шығарамыз деді. Қайда сол бензин? Кім көрді соны? Мінекей, өкінішке орай, осындай көзбояушылық көп.

Айгүл Ермахан, Базаргүл Нәдірқызы, «Біздің уақыт».