Байқоңыр ғарыш айлағынан
«Протон» зымырандарының көкке көтерілуі 2025 жылға қарай тоқтатылады. Ал 2020 жылы ұшырылым
алаңдарының бірі Қазақстанға беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар
қызметінде Аэроғарыш комитетінің өкілдері мәлімдеді. Ескі зымыран тасығыштарды «Сұңқар» деп
аталатын жаңа зымыран кешені
алмастырады. Бұл Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Артықшылығы сол,
зымыранға отын ретінде экологиялық қауіпсіз материал пайдаланылады деген жоспар
бар.
Ерғазы Нұрғалиев, ҚР
Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары:
Сұңқар деген ол керосинмен
кислородпен ұшатын орта класстағы зымыран тасығыш болады, бірақ қуаттылығы сол Протонға беріспейтін болады. Егер де Ресеймен бірігіп, біз осы жобаны жүзеге
асыратын болсақ, онда Байқоңырдың болашағы болады деп есептейміз.
Сондай-ақ 2017 жылдан бастап
жазасын өтеушілерге арналған жаңа жоба қолға алынуы мүмкін. Шет елдің
тәжірибесіне сүйене отырып жасалған, бас бостандығынан айрылған жандардың
қолына білезік тағып, жер серігі арқылы бақылау жобасы. Жеңіл қылмыс
жасағандардың жазасын төрт қабырғада емес, жұмысын істеп, белгілі бір шеңбер
аясында өтеуіне мүмкіндік береді. Бір
білезіктің құны 200 мың тенге шамасында, бұл үнемдеуге де сеп болмақ, өйткені
Қазақстанда жылына әрбір сотталушыға шамамен 600 мың тенге жұмсалады екен.
Мейірбек Молдабеков, ҚР
Инвестициялар және даму министрлігі аэроғарыш комитеті төрағасының
кеңесшісі:
Біз жасаған жүйе арқылы оларды әркез бақылап
отырамыз. Егер ол өзіне рұқсат еткен алаңнан шығып кетсе, жылдам тауып, тиісті
шаралар жасалады. Бұл мемлекет үшін аса тиімді жоба болмақ.