Осыдан 33 жыл бұрын Қостанай облысының Федоров ауданында әйел кісіні өлтіру дерегі тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Кейіннен қылмысты ізін суытпай ашу мүмкін болмағандықтан, іс архивке өткізілген. 2022 жылы, яғни 32 жылдан кейін аудан полициясы кісі өлтірушіні анықтау және тергеуді аяқтау туралы баяндаған. Өз еркімен кінәсін мойындау негізінде Ж деген азамат кінәлі деп танылған.
Бұл ретте, кісі өлтіру ісі күдіктінің қайтыс болуына байланысты тоқтатылған.
«Алайда прокуратура анықтағандай, Ж кінәлі болып танылғаннан 5 жыл бұрын қайтыс болған. Басқаша айтқанда, ол кінәсін мойындау туралы жазбаған, қылмыс жасаудағы кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденбеген.
Осылайша, полиция қызметкерлері қылмыстың ашылу көрсеткіштерін жасанды түрде арттыру мақсатында қылмыстық заңнаманың негізгі қағидаттарын бұзған», - деп жазды ведомстводан.
Прокуратура Ж-ны кінәлі деп тану туралы барлық процестік шешімдердің күшін жойды.
Тергеп-тексеруді ұйымдастыру басқа органға жүктелді.
Кінәлі қызметкерлерге қатысты жауапкершілікке тарту туралы мәселе көтерілді.
Осы мән-жайларды анықтау үшін Бас прокуратура қызметкерлеріне өңірге барудың қажеттілігі туындамады.
Электрондық форматтағы іс ақпараттық жүйелер арқылы онлайн-режимде зерделенді.