$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елімізде ішімдікке салынған қыз-келіншектердің саны үш есе көбейген

AstanaTV
05.04.2023ж. 20:00
1921
Елімізде ішімдікке салынған қыз-келіншектердің саны үш есе көбейген

Қоғамда ішімдік ішетін әйелдер де көбейіп барады. Көрсеткіш былтырмен салыстырғанда үш есе артқан. Жас мөлшері де жылдан-жылға жасаруда. Бұрын наркологиялық орталыққа емделуге елуді еңсергендер барса, қазір 25-30 жас аралығындағылар дертіне дауа іздеп жүр. Ащы сумен ашуын басамын деп ішкіштер қатарына қосылғандармен тілшіміз тілдесті.

Мирас ЖОЛДЫБАЛИН, ТІЛШІ:

Мағынасыз жылтырақты сақтамайды ел есте,

Шын сұлулық әйелдердің көздерінде емес пе? - деп, қаймана қазақ, қыз абыройын қашанда асқақтатып ұстаған. Заманы өзгерген сайын, адамы да өзгереді. Ұстамы мықты Ұлжан анамыздың қазіргі ұрпағы қазір ащы судан да ұрттайтын болған. Тіпті қаны қызып, араны ашылса алпамсадай азаматтарды шаңында қалдыра ма дерсің.

Ішімдікке мас болып, өзіне бас бола алмай жүргендері жетерлік. Әсіресе, тойда тойып алып, ортада ойқастағандардың қылығы әлеуметтік желіде толып тұр.

Есімін атамауды өтінген қыз қарызға белшеден батқан. Жан-жағынан көмек сұраған. Қол ұшын беретіндер табылмағасын ашуға булығып, ащы суға жүгірген. Бұрын тек мерекелік кештерде ішетін бикеш өзінің қалай салынып кеткенін аңғармай қалған.

КЕЙІПКЕР:

Бір момент болды менде қарызға батып кеткен. Біреуден алып, біреуін жауып жүрдім. Күніге үйге іздеп келеді, қарызыңды қашан қайтарасың деп. Шығатын жол таппадым. Не істерімді білмедім? Ешкім көмектесе алмады. Сол кезде мына ішімдегі ауруды жеңілдету үшін, анда-санда арақ ішіп тұратынмын. Как будто маған арақ ішсем бәрі жеңілдейтіндей, бәрі ұмытылатындай көрінді.

Дәрігерлер ерлерге қарағанда әйелдер алкагольге тез тәуелді болады дейді. Жұқарған жүйкенің емін ішімдіктен іздейтін көрінеді. Ал ерлер тек көңіл көтеру үшін ғана бұл қадамға барады екен.

Меруерт БАУЛЫ, ТЕРАПЕВТ:

Күйзеліске ұшыраған әйелдерде гармондағы ерекшеліктердің әсерінен. Олар алкагольді қабылдағаннан кейін бір бутылка ішті, екіншісін ішті, одан кейін оған қалыпты жағдай болып есептеледі де организм сұрайды. Ер адамдар әйел адамдарға қарағанда стресске, күйзеліске тұрақты болып келеді. Әйел адамдар нәзік жанды болғандықтан кейін, тәуелділікке тез кіріп кетеді.

Мамандар, ішімдікке әуестіктің жасарып бара жатқандығының бірнеше себебін айтты. Соның бастысы мектеп оқушыларының энергетикалық сусынды көп ішуінде екен. Олар құмарлықты оятады екен.

Тоқтар ҚОЙШЫБЕКОВ, НАРКОЛОГ:

Он сегізден ары қарай алкагольге көшеді, сыраға көшеді. 27-28 жасында бізге келгенде салынып ішіп алкагольизмнің екінші сатысы байқалынады. Ал енді ол неге жасарып бара жатыр? Ата-анасы алкагольді қолданса, балалар соған ерте үйреніп алады.

Бесік тербетіп, ұрпақ өрбітеді деген келіншектердің қылығы еріксіз жағаңды ұстады. Құмарлықпен қоғам болып күресу қажет секілді.

М. Жолдыбалин