Банкроттық туралы заңның күшіне енгеніне 1 ай болды. Қарызға батқан жұрт бір қайыры болар деген үмітпен қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығына әлі келіп жатыр. Бүгінге дейін 37 мыңнан астам өтініш қабылданып, оның мың жарымы банкроттық рәсімдерден өтуге мақұлдама алған.
Гүлиза - көпбалала ана. Тапқаным тамақтан аспайды деген ол, 4 жыл бұрын алған 300 мың теңгені банкке әлі күнге дейін қайтара алмай жүргенін айтады. Коллекторлар берешекті сұрап, тіпті бопсалайтын көрінеді. Қаржыны керегіне жаратса мейлі ғой, ала сала ұрлатып алған. Тығырықтан шығар жол іздеген Гүлиза заң шығады дегеннен, құжаттарын дайындапты.
Гүлиза МОШҚАЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Балалар көп, Үкіметтен шамалы ақша аламыз. Айлығымыз жетпейді, квартираға да жетпейді. Ал кредитті жапсақ балалар далада қалып жатыр. Ал кредитті жаппасақ коллектормыз деп неше түрлі жалған ақпараттармен мазалайды.
Банкрот деп танылған адам 5 жылға дейін несие рәсімдей алмайды. Сондай-ақ, қаржылық жағдайы 3 жыл бойы бақылауда болады. Сондықтан экономист 300 мыңға бола өзін төлем қабілетсіз деп жариялау асығыстық дейді.
Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
Банкроттықты жариялаудың ең соңғы варианты, ең соңғы нұсқасы табысыңыздың бәрінен айырылып, ең қиын, коллекторлар бар, мына жақта сот орындаушылар бар сізге әбден маза бермей бара жатыр, міне осы кезде осы заң сізге кішкене болсын көмекке келеді.
Ал заңгерлер бұл заңның шикі тұстары да бар дейді.
Тілеужан КІШКЕНЕБАЕВ, ЗАҢГЕР:
Коллекторлар адамды мазалап, звондап берекесін алады. Сондықтан 1 жыл уақыт деген өте көп. Кем дегенде 3 ай болу керек. Және де АСП алып отырған азаматтар 6 ай уақыт өтсе ғана банкроттыққа ұсыныла алады дейді. Өзі АСП алып отырса оның жағдайы жоқ екені тексеріліп, сол үшін АСП алып отырғандықтан оған не үшін 6 ай керек?
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бүгінге дейін 37 мыңнан астам өтініш түскен. Оның басым бөлігі Түркістан мен Алматы облысынан болса, ал ең аз өтінішті Ұлытау облысының тұрғындары берген. Алайда, халық дұрыс түсінбегендіктен оның көбі кері қайтарылған.
Меруерт СИСЕМБАЕВА, ҚР ҚМ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Адамдар бүгінгі күні түсінбей, өздерінде мүлік бар ма, жоқ па Толық мәліметті, ақпаратты алмай беріп жатқандары бар. Бәлкім өтіп кетеді деген сияқты қылып. Бір өтінішті берген кезде әр кредитке бөлек-бөлек бергендер де бар. Барлық қарыз сомаларын қосып, қанағаттандырып жатырмыз да, қалған 5-еуінен бас тартып жатырмыз.
Сотқа дейінгі банкроттық бойынша 1 адамның қарызы 5 млн-нан аспау керек деген шарт бар. Алайда несиесін 1 жыл емес, 5 жылдан астам уақыт бойы төлей алмай жүрген борышкерлер үшін берешек көлемі шексіз. Сондықтан олар соттан тыс рәсім бойынша банкроттыққа өте алады дейді мамандар. Бұндай кезде мүліктің бар жоғы да маңызды емес көрінеді.