Павлодарда 10 мыңға жуық халық тұратын елдімекенде бір ғана балабақша бар. Оның өзі 140 орынға ғана арналған. Қала іргесіндегі Кенжекөл ауылының тұрғындары амалымыз таусылды деп отыр. Ал құзырлылар мәселе әзір шешілмейді дейді. Неге?
Жас ана Асыл Шапаева баласын балабақшаға бере алмай отыр. Себебі, ауылдағы мекемеде орын жоқ. 2 жастағы Нұрисламды туа салысымен кезекке қойған.
Асыл ШАПАЕВА, КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Садикте орын жоқ. Мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Садиктің жоқтығынан әрине қиын болып тұр. Очередьке тұрдық, бірақ қашан келетіні әлі белгісіз болып тұр бізге.
Кенжекөл – қала іргесінде орналасқан елдімекен. Ауылдың халқы күн санап өсіп келеді. 10 мыңға жуық халық тұрады. Бір ғана балабақша жұмыс істейді. Оның өзінде 140 орын ғана бар. Амалы таусылған ата-аналар баласын қаладағы мекемелерге тасып жүр.
Бақыт ӘБІШЕВА, №20 БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Екі жастан балаларды қабылдаймыз. Бірақта орын балабақшада өте қиындау алуға. Орын аз. Сондықтан біздің ауылдың балалары көбі 116, 16 балабақшаға қалалық балабақшаға мәжбүр болады баруға.
Ауыл әкімі мәселенің жақын арада шешілмейтінін айтады. Елдімекенге 250 орындық балабақша салу жоспары жасалынған. Алайда жаңа мекеменің іргетасын қалау тек 2026 жылы жүзеге аспақ.
Медет САНСЫЗБАЕВ, КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Қазіргі кезде біз архитектура бөлімімен бірге біз ауылымыздың егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгіздік. Онда 250 орындыққа 3-ші кіре беріс дейміз, сол жақта аумақта жерін белгілеп жатырмыз.
Аймақта 7 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Мәселені шешу үшін жергілікті билік 2027 жылға дейін 6 ғимарат салуды жоспарлаған. Бұл тек 1300 баланы ғана қамтуға қауқарлы. Сондықтан да бұл түйткіл жақын арада шешіле қойматын секілді.