Полиция қызметкерлері колледж студентін ұрып-соғу фактісі бойынша істі тергеп жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік желіде осы сипаттағы видеоны таратқандарды іздестіруде.
Өскемен қалалық полициясы камера алдында қатарласын шешінуге мәжбүрлеген бір топ жасөспірім қыздың видеосын тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты, деп хабарлайды Yk-news.
"Бұл материалдарды заңсыз тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмыстық іс шеңберінде оған қатысы бар адамдар анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады".
Әйгерім Бейсембаева, жергілікті полиция қызметі басқармасының Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры
Аталған оқиғадан кейін Өскемен қалалық полициясында тергеу шаралары қолға алынған бұл - екінші қылмыстық іс. Бірінші тергеу амалдары "Бұзақылық" бабы бойынша жүргізілді (ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі).
"Сегіз жасөспірім анықталды. Бесеуі - әртүрлі колледждің студенттері және әртүрлі мектептің үш оқушысы да бар, олар бірнеше күн бойы жәбірленушіні қорқытып, қудалап, ұрып-соғып, видеоға түсірген".
Сәуле Губашева, ШҚО Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры
Сәуір айының басында мессенджерлерде жасөспірімдердің құрбысын ұрып-соғу және қорлауы сипатында видео тарады. Алайда, кейінірек бұл факт бір ай бұрын Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде орын алғаны белгілі болды.