$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Өскеменде кәсіпкерлер қаржылық институттардың басшыларымен кездесті

AstanaTV
19.09.2016ж. 20:00
2797
Өскеменде кәсіпкерлер қаржылық институттардың басшыларымен кездесті

Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында «Қуатты бизнес - қуатты мемлекет» партиялық жобасы аясында «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қоғамдық қабылдау өтті. Кездесу барысында кәсіпкерлер мен қаржылық институттың өкілдері өз жобаларын таныстырып қана қоймай, бизнес бастауда болатын қиыншылықтар туралы да айтып өтті.

Жанар Мұхаметқалиева осыдан бірнеше жыл бұрын мектепке дейінгі салада бизнесті бастау жобасын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында қорғап, несие алған болатын. Қазір кәсіпкер өз ісін кеңейтіп. халықаралық стандарттарға сай келетін әрі заманауи технологиялармен жабдықталған балабақша ашуды армандайды. Бірақ берілетін несиелер қолжетімсіз болып қалды, - дейді Жанар. Банктердің талаптары күшейіп, қарастыру мерзімдері ұзартылса керек.

Жанар Мұхаметқалиева, кәсіпкер:

Көптеген бизнес бағыттар қалыпты жағдайда емес. Бүгінде жаңадан іс бастау қиын. Ал жұмысын енді бастағысы келетін кәсіпкерлердің жағдайы тіпті мәз емес. Себебі банктер үлкен көлемдегі кепіл қоюды талап етеді.  

Кездесу барысында кәсіпкерлер, бұрын кепілді қажет етпейтін банктер енді міндетті қылып ережені өзгертті, дейді. Мұндай жаңашылдық шағын және орта бизнеске қолбайлау болып тұр. Кеңейіп, жаңа іске кірісуге қауқар жоқ. Өйткені бұл санаттағы іскерлерде қомақты қаржы бола қоймайды. Келушілердің уәжін тыңдаған партия өкілдері алдағы уақытта банк секторы мен кәсіпкерлердің өзара байланысы басты назарда болатынын айтты.

Александр Светаш, «Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалы төрағасының орынбасары:

Бизнестің несие қорынсыз дамуы қиын әрі ұзаққа созылуы мүмкін. Бүгінде субсидиялау, пайыздық мөлшерлеме, несие бойынша кепілдік беру мәселелері партиялықтардың бақылауында болады. 2 деңгейлі банктердің талабын азайтып, несие беруін жандандыру керек. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен ел экономикасының дамуына өз септігін тигізеді. 

Айбек ҚОСАНОВ