Әзірбайжан президенті Илхам Алиев Қазақстанға ресми сапармен келді. Бауырлас елдің басшысын Қасым-Жомарт Тоқаев шақырған болатын. Президенттер кездесуде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Толығырақ тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Бауырлас елдің басшысын Президент Ақордада күтіп алды. Құрметті мейманға сый-құрмет көрсетілді. Президенттер мұнан соң шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. Онда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы негізгі стратегиялық мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Әзербайжан Президентінің бұл сапарының маңызы зор екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әзірбайжан – бізге маңызды және сенімді серіктес қана емес, бауырлас әрі жақын мемлекет. Елдеріміз арасында қарқынды және сенімді саяси диалог орнады. Үкімет деңгейінде үйлесімді жұмыстар атқарылып, көпжақты платформалар аясында сындарлы өзара іс-әрекет жүргізіліп келеді.
Бас қосуда бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Бұл екіжақты қатынастарға тың серпін беретіні сөзсіз деді Президент. Сондай-ақ, биыл Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық әлеуетін толыққанды пайдалана отырып, бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар деп санайды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қатынасын нығайтуда мәдениет саласындағы ынтымақтастық ерекше рөл атқаратынына назар аударды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Екі елдің мәдени онкүндігін өткізу туралы уағдаластықты ерекше атап өткім келеді. Биыл Әзірбайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Бүгін біз құрметті Әзірбайжан Президентімен бірге көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиев атындағы көшені ашамыз. Бұл игі шара Әзірбайжан халқының біртуар перзентінің жүз жылдығына орай өткізіліп отыр.
Өз кезегінде Ильхам Әлиев Астанаға шақырғанына және қазақ халқының қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Ильхам ӘЛИЕВ, ӘЗІРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІ:
Бауырлас қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Біздің қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Халықтарымыздың арасындағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қараймыз. Бүгін осы берік іргетастың негізінде келешегімізді бірге құрып жатырмыз. Біз бұған дейін талқылаған ынтымақтастықтың барлық саласының әлеуеті мол.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Бірлескен мәлімдемеге және Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы Хаттамаға қол қойды.