Негізгі / Жаңалықтар / Кейбір азаматтардың банк алдындағы қарыздарын кешіріп жіберуге де болады - О.Смоляков

Кейбір азаматтардың банк алдындағы қарыздарын кешіріп жіберуге де болады - О.Смоляков

Балалы отбасылар банкке қарыз болса, олардың ісімен коллекторлық ұйымдардың айналысуына жол берілмеу керек. Мұндай мәлімдемені Ұлттық Банк төрағасының орынбасары жасады. Коллекторлық қызмет туралы заң жобасы Мәжілістегі жұмыс тобында кезекті рет талқыланған. Депутаттар да мұны қолдап отыр.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Сотқа берсе берсін, басқа жолмен шешсін, бірақ үйге келіп, зіркілдеп дүбірлеп, телефон шалып, баланың мазасын алуға болмайды!

Құжатта жазылғандай, коллекторларға тек борышкерді тауып, оның банкке қарызы барын айтып, өтеу керектігін есіне салуға ғана рұқсат етіледі. Өзге әрекетке, әсіресе, қорқытып-үркітуге, дөрекі сөйлеп, күш қолдануға қатаң тыйым салынады. Коллектор борышкерге күніне бір рет жұмыс уақытынан тыс мезгілде ғана хабарласуы керек. Тағы бір айта кетерлігі, заң жобасында көрсетілгендей, коллекторлар кейбір санаттағы азаматтардан қарыздың өтелуін талап етпеуі тиіс. Олар - соғыс ардагерлері мен мүгедектер, зейнеткерлер, созылмалы сырқатқа шалдыққандар мен еңбекке жарамсыздар, жазасын өтеушілер, экологиялық апат немесе төтенше жағдай кезінде үйінен айырылғандар, әскери қызметте немесе ғарышқа ұшу кезінде адам өмірін құтқару мақсатында қаза тапқан жанның отбасы мүшелері. Бас банк төрағасының орынбасары тіпті аталған санаттағы кей азаматтардың банк алдындағы қарыздарын кешіріп жіберуге де болатынын айтып қалды.

Олег Смоляков, ҚР Ұлттық Банк төрағасының орынбасары:

Бұл азаматтардың қарызын қайтармауының өзіндік себебі бар деп ойлаймын. Банк оларға несие берген кезде жағдайын ескермеген болуы керек. Сондықтан көрсетілген азаматтардың несие қарыздарын кешіру дұрыс болады.