Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Елімізде аутизммен ауыратын балалар көбейген

13.04.2023ж. 20:00
1989
Елімізде аутизммен ауыратын балалар көбейген

Елімізде 12 мыңнан астам бала генетикалық дертке шалдыққан. Алматының өзінде аутизммен ауыратын балалар саны екі есе өсті. Алайда бұл дерттің нақты себептері мен ем шаралары әлі күнге дейін толық зерттелмеген.

Ажар Кенжебекова 3 жасар ұлының мінез-құлқында аутизмнің барлық белгісін байқаған. Бала көзге тіке қарамайды, басқа адамдарға көңіл аудармайды, атын атаса, үн қатпайды. Сондай-ақ бүлдіршінде қауіпсіздік түсінігі де болмаған. Дәрігерлер оған аутизм спекторының бұзылуы диагнозын қойды.

Ажар КЕНЖЕБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жүктілік кезде көп стресстер болды. Өйткені жұмыста жүрдім. Содан ба деп ойлаймын бір жағынан. Бір жағынан витаминдер жетіспеді ме деп ойлаймын. Баламыздың қимылдары, іс-қимылы, ой қабілеті түзеліп келе жатыр деп айта аламын. Енді оған өте көп уақыт керек. Бұл салада тек шыдамдылық, дисциплина деген нәрсе қажет.

Аутизмнің нақты себептері әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Ол хромосомалық өзгерістер мен зат алмасудың бұзылуынан туындауы мүмкін.

Ләззат НАЗАРОВА, ГЕНЕТИК-ДӘРІГЕР:

Аутизмнің көптеген генетикалық себептері бар. Сондай бір қате ұғым пайда болған – генетикалық белгілер ол тек қана тұқым қуалайтын түрлер емес, жаңадан пайда болған мутациялар болуы мүмкін. Генетикадан бөлек, неврологиялық әр түрлі себептер. Әлеуметтік желілердің ақпараттары да бала психологиясын өзгертеді деп ойлаймын. Соның да себептері тиюі мүмкін.

Статистикаға сәйкес, елімізде ерте жастағы аутизммен ауыратын бала саны - 1052. Мектеп жасына дейінгілер – 4331, 6 жастан 18 жасқа дейін 6704 бала осы ауруға шалдыққан. Сарапшылар оларға неғұрлым ертерек психологиялық-педагогикалық көмек көрсетсе, бейімделу мен әлеуметтену мүмкіндігі соғұрлым жоғары болатынын айтады.

Динара ЖҰМАХАНҚЫЗЫ, МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ТАЛДАУШЫСЫ, ПЕДАГОГ:

Аутизмге шалдығатын балалардың көпшілігі бір жарым мен үш жасар аралығында. Неғұрлым ертерек баланың дамуына үлес қосса, ата-ана мен педагогтардың командалық жұмысы болса, соғұрлым баланы осы диагноздан 50 пайыз болса да алып шығуға болады.

Мамандар аутизм спектрі бұзылған балалар үшін инклюзивті орта құрып, қоғамда қолайлы жағдай жасау маңызды дейді. Себебі олар ерекше психологиялық көмекке мұқтаж.

Мейірбек ТОҚТАБАЕВ, ПСИХОЛОГ:

Осы аутизммен шалдыққан балаларға буллинг болмауы үшін, ең бастысы, класс жетекшісімен жұмыс істеу керек. Өз оқушыларына түсіндіретін болса аутизм деген не екенін, шалдыққан балалар не екенін, олармен қалай ойнау керек, қалай сөйлесу керек бәрін әдісін үйретіп, балаларға түсіндіріп, оқытса, сол кезде буллингті алдын алуға болады.

Қазір елімізде 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және 18 жасқа дейінгі балаларға жеке немесе топтық түрде көмек көрсететін 13 республикалық орталық бар. Сондай-ақ 44 арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі ұйымдарда аутизммен ауыратын балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі.