$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Зайсан көлінде суға батып бара жатқан балықшылар құтқарылды

AstanaTV
14.04.2023ж. 13:58
1534
Зайсан көлінде суға батып бара жатқан балықшылар құтқарылды

Зайсан көлінде құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар суға батып бара жатқан балықшыларды құтқарып қалды.

Облыстық ТЖД мәліметінше, 13 сәуірде Зайсан көлінде, Тұғыл ауылынан 3-5 шақырым жерде екі балықшы жұқа мұз бетіне шығып, кешқұрым уақытта қайтып келе жатқан кезде мұз бөлініп кеткен. Соның салдарынан 500-800 метр қашықтықта тас қараңғылықта, жағадан жырақта қалып қойған.

«Қараңғыда балықшылардың көмек сұрап айқайлаған даусын естіген, бірақ олардың нақты орналасқан жерін көрмеген жергілікті тұрғындар келеді. Мұзда қайықпен жүру мүмкін емес еді, ал жаяу жүру қауіпті болды, аяқ астындағы мұз жарылып жағдайды ушықтыра түсті. Тұрғындар құтқарушылардан көмек сұрады», - делінген хабарламада.

Оқиға орнына Күршім бөлімшесінің құтқарушылары келіп, резеңке қайықтың көмегімен көмекке шықты, ал жергілікті тұрғындар жақын маңда қайықтарымен жүрді. Сонымен қатар Өскеменнен ШҚО ТЖД ЖҚЖ құтқарушылары су мен батпақты жерлерде жүруге қабілетті, өтімділігі жоғары «Шерп» автокөліктерімен жолға шықты.

«Мұзды айналып өту үшін қайықты шебер басқарып, жағдайды ушықтырмай апатқа ұшыраған ер адамдарға жақындау керек болды. Бірнеше сағат күту қажет болды, ал бұл кезде балықшылар жұқа мұзда қалып, тоңып, әлсірей бастады. Құтқарушылар мен жергілікті тұрғындардың бірлескен әрекетінің арқасында 1979 және 1978 жылы туған балықшыларға қайықпен аман-есен жетіп, құтқару кеудешелерін кигізіп, оларды жағаға шығарды», - делінген хабарламада.

Балықшыларды тексергеннен кейін оларға медициналық көмек қажет болмады. Құтқару операциясы сәтті аяқталды. Балықшылар айтқандай, олар таңертең ерте мұз бетіне шығып кеткен, ал кешке жағаға оралғанда мұз жағадан бөлініп кеткен.