Ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтілуде. Оған «Turksoy» ұйымы да мұрындық болды. Мерейтойлық шара Қызылордада жалғасын тапты. «Ұлт руханияты және Жүргенов мұрасы: жасампаздығы мен зерттелу кеңістігі» атты халықаралық конференция өтті.
Тау тұлғаның өмір жолы бұған дейін де бірнеше кітап пен монографияларға арқау болды. Ал мерейтой қарсаңында жарыққа шыққан «Комиссар Жүргенов» романының орны ерекше. Ол ағартушының атындағы қоғамдық қордың қолдауымен жарыққа шыққан. Онда іргелі оқу орындары мен білім ошақтарының ашылуына сеп болған, ұлттық өнерді дамытқан тұлға туралы тың деректер жинақталған.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, «КОМИССАР ЖҮРГЕНОВ» КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫ:
Өте іскер адам. Өте көп білімпаз. Өте зерек ол. Жастайынан зерек болған. Сол тұрғыдан бейнесін ашу керек болды. Қолдан келгенше істедік. Шынымен оқырмандар солай қабылдап жатса біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білемін.
«Turksoy» халықаралық ұйымының шешімімен 2023 жыл түркі әлемінде «Жүргенов жылы» болып жарияланды. Соның негізінде ол туралы жазылған кітаптар бірнеше тілге аударылып басылуда. Оның есімін ұлықтайтын шаралар мұнымен шектеліп қалмайды дейді ұйымның бас хатшысы.
Сұлтан РАЕВ, «TURKSOY» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:
Ол жөнінде жазылған кітаптың таныстырылымын өткердік. Астанада және Анкарада өткердік. Өзбекстанда да Темірбек Жүргенов жайлы өткереміз. Қырғыстанда өткереміз іс-шараларды. Биыл қазан айында Анкарада «Нарком Жүргенов» қойылымының премьерасы болады. Халықаралық Анкарадағы театр фестивальіне қатысады Қызылорда театры.
Мерейтойлық шара аясында қайраткердің жары Дәмеш Жүргенованың атына қаладан көше берілді. Жазықсыз түрмеге жабылып, Алжир азабын тартқан ана туралы естеліктер айтылды.
Бердігүл ТӨЛЕГЕНОВА, Т. ЖҮРГЕНОВТІҢ КЕЛІНІ:
Әжеміз өте жақсы кісі ғой, білімді, сауатты. Білімді дәрігер ғой. Ертеректе бітірген, жақсы дәрігер. Емделіп, келушілер көп. Көп адамға шарапаты тиген, елімізге де келіп, ағайындық-туыс кеуілін білдіріп, шалына ас беріп.
Темірбек Жүргеновтің артында тұяқ қалмады. Жары Дәмеш соңғы демі үзілгенше сол арманмен кеткен көрінеді. Алайда кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырған қайраткердің есімі халықпен бірге жасай бермек.