Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Есіл ауданы тұрғындарымен кездесуінде биылдан бастап ішкі көлік тұрағынсыз жобаланған үй салуға тыйым салынатынын айтты.
«Астанадағы үйлердің көбі ішкі паркингсіз салынған. Биылдан бастап кез келген көпқабатты үйді ішкі тұрақсыз салуға тыйым салып отырмыз. Егер құрылыс жобасында жабық тұрақ болмаса, ондай үйлер салынбайды», - деді Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ, ол «Family Village» саяжай кентіне биыл газ тартыла бастайтынын айтты.
«Кенттегі алғашқы көшелер биыл газдандырылады. Ал газ құбырын жердің астымен жүргізу туралы өтінішті орындау қиын. Бізде жер астымен газ құбырын тарту қиын. Сондықтан көп жерден жер бетіндегі құбыр өткізіп жүрміз. Ең бастысы, газ кенттеріңізге әкелінді, енді ішіне тартылады», - деді Жеңіс Қасымбек.