Астанадағы қалың қар коммуналдық сала қызметкерлерінің жұмысын еселеді. Түнде бас қаладан 23 мың текше метрден астам қар сыртқа шығарылған. Көшелерді тазалауға 1 мыңға жуық арнайы техника мен 2 мың 200-ден астам жұмысшы тартылды.
Мамандар күшейтілген режимде екі ауысыммен тәулік бойы жұмыс істеуде. Сарыарқа ауданын қардан тазарту үшін 300 техника мен 500 қызметкер жұмылдырылған.
Бағжан САБДЕНОВ, «САРЫАРҚА» АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Өздерінің графиктері бар. Графиктен тыс. Қосымша арнайы техника, қосымша жұмысшылар бізге қазір жұмылдырылды.
Ал, Алматы ауданының тұрғындарын қар құрсауынан шығару үшін 600 жұмысшы еңбек етуде. 250-ден аса техника жұмыс істеп тұр. Мамандар, ең алдымен, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалыс қарқыны жоғары көшелерді тазартқан.
Батырхан ЖАЗЫҚБАЕВ, "АЛМАТЫ" АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ АБАТТАНДЫРУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Центральный көшелер, аялдамалар, мектеп, больницаларға заездар тазалау жұмыстары өтіп жатыр. Және де дворларды. Жұмыс күші үлгеріп жатыр.
Байқоңыр ауданында 200 техника мен 150-ден аса қызметкер тәулік бойы тынымсыз еңбек етуде. Тұрғындар «IKOMEK» немесе әлеуметтік желі арқылы көмек сұрай алады.
Гүлім АМАНГЕЛДІ, «БАЙҚОҢЫР» АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бұл соңғы екі-үш күнде түскен қар, әдетте Астанада бір ай көлемінде түседі екен қардың көптігі. Сондықтан мүмкіндігінше тиісті шаралар қабылдап, барынша тез жинастыруға коммуналдық қызметкерлер тырысып жатыр.
Есіл ауданы – қаладағы ең үлкен аудан. Қар тазалау аумағы – 21 миллион, 300 мың шаршы метр. Бұл аумақтан демалыс күндері 30 мың шаршы метр қар шығарылды. Қазір 300 техника мен 700 қызметкер әрі қарай жұмыс істеуде.
Фархат Мойынов, «ЕСІЛ» АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ ӨНДІРІС-ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жалпы күндері, бір ауысымда 5 мың қар шығаратын болсақ, қазіргі таңда бізде 12 мыңға жетіп жатыр. Ол ,шамамен, 1,5 есе көп.
Соңғы үш күнде қаладан 71 мың текше метрден астам қар шығарылды. Жүк көліктері 5,5 мыңнан астам рейс жасады.