АҚШ-тың Флорида штатында қазақ жігітін үш қарулы қарақшы тонамақ болған. Алайда, жерлесіміз оларға тойтарыс беріп, тапаншаларын тартып алыпты. Ұрлықшыларға қарсылық көрсеткен қазақстандық азаматтың видеосы әлеуметтік желіде тарады.
24 жастағы Олжас Қаныбек – Түркістан облысы, Кентау қаласының тумасы. АҚШ-қа келгеніне 1 ай болған. Авиация саласында білім алып жатыр. Төбелес кезінде жерлесіміз бір бұзақыны ұстап, телефонын тәркілеп алған. Полиция қызметкерлерін күтіп тұрған сәтте оның екі досы қайта оралып, Олжасқа шабуыл жасаған көрінеді.
Олжас ҚАНЫБЕК, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ:
Үшіншісін құтқаруға келген ғой. Маған тағы да шабуыл жасады, сол кезде тапаншамен осы маңдайымнан ұрған болатын. Бір-екі соққы бердім. Сол соққыдан кейін олар қашты. Полиция небәрі екі минутқа кешігіп қалды. Полициялардың айтуы бойынша, олар айтады, біздің 20 жыл, 25 жыл стажымызда бұндай оқиғаны бірінші рет көріп тұрмыз дейді. Мен олардың телефондарын алып қалдым, қару-жарақтарын алдым, видеоға түсірдім.
ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Жүгіріп келіп автомат, пистолеттерін тартып алды. Үшеуін де соққыға жықты. Бәрі таң қалды. Бұндайды бұрын соңды Америкада көрген жоқпыз. Қазақстан!