$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Әскерде сарбаз көз жұмса, аймақтық бөлімше басшыларын трибуналға жіберу керек», – депутат

18.04.2023ж. 20:00
1182
«Әскерде сарбаз көз жұмса, аймақтық бөлімше басшыларын трибуналға жіберу керек», – депутат

Елімізде соңғы үш жылда 300-ге жуық сарбаз қаза тапты. Әскери бөлімдердің көбінде бейнекамера жұмыс істемейді. Психологтың бақылауында болғандар да қарумен кезекшілікке шыққан. Бас әскери прокуратура армиядағы былықтарды әшкереледі.

Әскердегі өлім-жітімнің 20 проценті суицидпен байланысты. Ел қорғаймын деп кеткен жастың өзіне-өзі қол салуы, әрине, қазір көп адамды толғандырады. Ата-ана әскер десе үреймен қарайтын болды. Ешкім баласын жібергісі келмейді. Сондықтан әскерден жалтаруға тырысады. Медкомиссияға пара ұсынады дейді депутат Геннадий Шиповских.

Геннадий ШИПОВСКИХ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазіргі заманда кім 18 жасқа дейін мәпелеп өсірген баласын аман-есен әскерге жіберіп, одан кейін Құдай сақтасын, мүгедек болып немесе табытпен қарсы алып жатса, кімге жақсы? Егер облыста бір сарбаз қайтыс болса немесе кейбір сарбаз мүгедек болып қалатындай жағдай болса, менің жеке пікірім бойынша мұндай бөлімдердің бірінші басшылары жауапқа тартылуы керек. Тіпті мүмкін трибуналға дейін жеткіземіз. Сонда ғана бізде тәртіп орнайды.

Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиевтің айтуынша, армияда былық көп. Шекара қызметінде 358 нысанның 104-ті ғана бейнебақылаумен қамтылған. Әскери бөлімдерге орнатылған камералардың 4 мыңнан астамы істен шыққан, кейбірінді ол мүлдем жоқ. Жеке құрамды психологиялық қолдау жұмыстары да ақсап тұр дейді.

Мақсат ҚАЗИЕВ, ҚР БАС ӘСКЕРИ ПРОКУРОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Арнаулы динамикалық бақылау тобына енген әскерилердің тәуліктік нарядқа, оның ішінде қарумен кезекшілікке түсуіне жол беру деректері анықталды. Психологтарды даярлықтан өткізу талаптары орындалмай жатыр

Ал жауаптылар мәселенің барлығы бақылауда деп сендірді. Әскердегі әлімжеттікті болдырмау үшін мерзімді қызметшілер апта сайын тексеріліп тұрады деді. Бірақ оған депутаттар сене қоймады.

Алишер САТВАЛДИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Комиссияның, жұмысшы топтың жұмысы формальді түрде деген ой қалыптасады. Мұның барлығы жылы жауып қою деп есептеймін.

Құзырлы министрлік өкілдерінің айтуынша, әскери қызметкердің Отан қорғаушы ретіндегі оң имиджін насихаттау бойынша жұмыстар күшейтілуде. Әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді, жұмысқа орналасу перспективаларын қамтамасыз етуге тоқталды.

Тілеухан БАСҚОЖАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Әскер туралы сериал Алматыдағы құрлықтық әскери институты десант-шабуылдау факультетінде түсіріліп жатыр. Жалпы 10 сериал болады. Болашақта сериалдың үлкен әсері болады деп сенеміз.

Осылайша жастарды патриоттыққа тәрбиелеуді көздеп отыр. Ал талқылауда айтылған сын-пікірлер ескерусіз қалмайды деді.