$514.93 €536.04 ₽5.18
×

"Арқамнан тепті". Эскалатордан құлаған қарағандылық оқыс оқиға жайлы баяндап берді

AstanaTV
18.04.2023ж. 21:17
1161
"Арқамнан тепті". Эскалатордан құлаған қарағандылық оқыс оқиға жайлы баяндап берді

Күні кеше әлеуметтік желіде Қарағандыдағы сауда орталықтарының бірінде түсірілген видео тараған. Видеодан эскалаторға мінген ер адамды бейтаныс адам артынан келіп теуіп құлатқанын көруге болады. Жәбірленуші осы оқиға жайлы егжей-тегжейлі баяндап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

25 жастағы қарағандылық Ербол Мұқашев (аты-жөні жәбірленушінің өтініші бойынша өзгертілген) 11 сәуірде сауда орталықтарының біріне шашын алдырту үшін барыпты. Шаштаразға кірмес бұрын ол дәретханаға кіріп-шығуды жөн көреді. Ал ондағы "кабиналардың" бірінде екі адам басында жай сөзге келіп, арты жанжалға ұласқан. Бірақ ер адам бөтендердің сөзіне араласуды жөн көрмеген. Алайда дәретханадан шыққанда өзінің ізіне біреудің түскенін байқайды, деп келтіреді Ерболдың сөзін ekaraganda.kz.

"Ол адам артымнан жүгіріп келе жатты. Содан соң мен тоқтадым... Ол маған шабуылдай бастады, сөйтіп төбелесе кеттік. Мен оны аяғынан шалып құлаттым, ол еденге сұлап түсті. Сол кезде ол мені басқа біреумен шатастырып алғанын айтты. Содан мен оны жібере салдым, екеуміз екі жаққа кеттік. Эскалаторға мінгенімде ол қайта жүгіріп келіп, мені арқамнан тепті. Бақытымызға орай, мен тепе-теңдікті сақтап, эскалатор баспалдағымен төменге қарай жүгіре жөнелдім, содан кейін ғана еденге бетіммен түстім", - деді Ербол Мұқашев.

Еденге бетпен түскен соң ол есінен танып қалған, сондықтан ақыл-есі кем адамды қалай ұсталғанын көрмеген. Зардап шеккен адамның ерні жыртылып, бірнеше тісі зақымдалған. Дәрігерлер бірнеше жерін тіккен. Сонымен қатар, көгергенген жерлері де бар.

"Ерінім әлі толық жазылмады. Бет-жағым аздап ауырады, тістер сынған. Тіс дәрігеріне баруым керек болды. Денемнің де көгерген жерлері кетпеді, өйткені мен биіктіктен құлап, плиткаға соғылдым ғой... Басында, әрине есеңгіреп қалдым, бірақ қазір өз-өзіме келдім, менде бәрі жақсы. Ол адам ұсталыпты. Қазір 32-ші кварталда екен. Тергеу жүріп жатыр. Арыз түсірдім, ары қарай барлығын заң шешеді".

Ербол Мұқашев

Полициядағылар оған ұсталған адамның 2009 жылдан бері психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғанын жеткізіпті.

"Ең бастысы, Құдай сақтады. Тірімін, саумын және қазірдің өзінде бетім бері қарап, жақсарып келемін. Ол адамды танымаймын, ешқашан көрген емеспін. Былайша айтқанда, қажет емес кезде қажет емес жерде болып қалғанмын".

Ербол Мұқашев

Қарағанды облысының полиция департаменті атап өткендей, 31 жастағы ер адам ұсталып, психоневрологиялық диспансерге орналастырылды. "Бұзақылық" бабы бойынша тергеу жүргізілуде.

"Ол адам ауруханаға түскен жоқ, амбулаториялық деңгейде ем-дом қабылдауда. Көгерген жерлері бар", - деді Zakon.kz тілшісіне Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы.