АҚШ орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Сирияда жүргізілген операция туралы мәлімдеді. Операция нәтижесінде «Ислам мемлекеті» Халықаралық лаңкестік топ қолбасшыларының бірінің көзі жойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
АҚШ қарулы күштері дүйсенбі күні Сирияда тікұшақпен жүргізген операция нәтижесінде «ИМ» тобының жоғары шенді қолбасшыларының бірінің көзін жойды.
Ақпарат бойынша, мерт болған Абд әл-Хади Махмуд әл-Хаджи Әли Таяу Шығыс пен Еуропаға лаңкестік шабуыл жоспарлаған.
Мәлімдемеде ол «көшбасшы, Таяу Шығыс пен Еуропадағы лаңкестік шабуылдарды жоспарлауға жауапты жедел жоспарлаушы» деп сипатталған.
CENTCOM хабарлауынша, тікұшақ операциясы «ИМ» шетелдегі ресми тұлғаларды ұрлауды жоспарлағанын дәлелдейтін барлау деректерінен кейін жүргізілген.
Сондай-ақ мәлімдемеде ИМ тобының тағы басқа екі мүшесі өлтірілгені хабарланды. Операция туралы басқа дерек берілмеген.
«Рейд мақсатты тұлғаның өліміне әкелді, қаруланған басқа екі адам өлтірілді», - делінген мәлімдемеде.
«Адам құқықтары жөніндегі Сирия обсерваториясы» ұйымы соққы Сирияның Түркиямен шекарадағы Джараблус қаласынан батысқа қарай шамамен 25 шақырым жердегі ауылда - ас-Сувейде ғимаратына жасалғанын хабарлады.
Бұған дейін осы айда Америка әскері Сирияға шабуыл жасап, Түркия мен Еуропаға теракт жоспарлауға жауапты ИМ жоғары шенді көшбасшысының көзін жойғанын мәлімдеген болатын.