$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Президент субсидия беру жүйесін сынға алды

19.04.2023ж. 20:00
1139
Президент субсидия беру жүйесін сынға алды

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелері көтерілген кеңесте Мемлекет басшысы субсидия беру жүйесінің өте күрделі екеніне де назар аударды. Президенттің айтуынша, мемлекеттің өндіріске бөлген көмегі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Өйткені субсидиядан үміттілердің 10% ғана тиесілі қаржыны алыпты. Ал айласын асырған пысықтар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтаға басып, шалқып өмір сүрген. Ал мал баққан шаруа үшін субсидия алу – қиямет-қайым.

Даниярдың мал бордақылаумен айналысқанына 5-6 жылдың жүзі болды. Әзірге субсидия алмағанымен, болашақта аламын деген үмітте. Өйткені мемлекет берген демеуақы шығынның 35-40 % жапса да үлкен көмек.

Данияр Капушов, КӘСІПКЕР:

Жанармай қымбаттады өзіңіз білесіз жақын арада, оған қоса трактордың қосалқы бөлшектері екі-үш есе қымбаттады. Егер субсидия болмаса 4-5 жылдың аумағында қожалықтың саны екі есеге азаяды.

Алайда, осы субсидияға қатысты қажет дерек көпшілікке жетпей қалады. Қаржы бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе де мұны шеше алмады, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны.

Ал қоғам белсенділері субсидияны өз ісін жаңадан бастаған шаруаларға ғана беру керек дейді. Өйткені мыңғырған малы бар қожалыққа мұндай көмек қажет емес. Кәсібін жолға қойғандар мемлекет «мал шаруашылығын дамыт» деп берген ақшаға қымбат көлік мініп, үйін алып, шалқып жүреді. Қаржы діттеген жерге жетпегендіктен, ет пен сүттің бағасы арзандамайды.

Айболат БӨКЕНОВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Облыс әкімі келгенде отчет беріп жатыр: бізде откромда 2 мың бас мал ұстап отырмыз дейді. Жаңақалада 2000 түгілі, 500 бас ұстап отырған ешкім жоқ, шынымды айтайын. Кенеден, шөп жоқтан екі жыл бұрын өлді малдар, қырылып қалды. Соны көтергізбейді, қорқады. Неге десең субсидия алатын мал басы азайып қалады екен. Содан тығып жасырады екен көбіне. Дұрыстап тексерсе мына мәселені, субсидия алып отырғандардың малдарын, көбісінікі жетіспейді.

Кәсіпкерлердің айтуынша, мемлекеттің қолдауына әрдайым мұқтаж ауыл шаруашылығын қаржыдан қыспау керек. Ол сонда ғана өзін-өзі ақтайды. Әрі бұл мәселенің бір ұшы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне де келіп тіреледі.