Спорт Қазақстан
$443.72 €482.28 ₽4.9
×

Шымкенттегі 9 мектепте спорт залы жоқ

AstanaTV
22.09.2016ж. 20:00
3584
Шымкенттегі 9 мектепте спорт залы жоқ

Шымкенттегі тоғыз мектепте спорт залы жоқ. Ондағы оқушылар үшін дене шынықтыру пәні әзірге далада өтіп жатыр. Ал қыс түссе, отырып ойнайтын спорт түрлерімен айналысады. Мәселе қашан шешіледі? Айзада Төребекқызы анықтады.

Жердің шаңын шығарып, доп қуып жүрген бұл балалар - Шымкенттегі №69 мектептің оқушылары. Дене шынықтыру сабағы өтіп жатыр. Арнайы ғимараттың болмауынан, мектеп сыртындағы жерді футбол алаңына айналдырған. Жеңіл атлетика, баскетбол мен волейбол да тек далада, тастақ жерде өтіп жатқанына куә болдық. 


Айдархан Маханбет, № 69 жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы:

Біріншіден, киінетін орын жоқ, сосын стадионымыз жоқ ойнайтын. Қыста да қиын. Біз Қажымұқан стадионына барып қатысамыз, қазақша күрес үйірмесіне. Өзіміздің мектепте ондай мүмкіндік жоқ. Ондай мүмкіндік болса, біз өзіміздің мектепте қатысатын едік үйірмелерге.

Бұл білім ошағы 2008 жылы ашылған. Бірақ мектеп басшылығының айтуынша, әу-баста спорт залы қарастырылмаған. Сондықтан қыс кезінде дене шынықтыру сабақтарында оймен жұмыс істейміз, - деді.

Күн суытысымен дене шынықтыру пәні сынып ішінде өтеді. Бұл жерде балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға басымдық беріледі. Балалар осында отырып дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат секілді ойындарды ойнайды.

Негізі мектеп жанында қосымша спорттық алаңша бар. Тек ол құлыптаулы. Онда білім беру мекемесі қасынан салынып жатқан жаңа мектептің құрылысына қажетті заттар қойылған. Оқушы санының өсуіне орай жаңа ғимарат келесі жылы пайдалануға берілмек. Онда екі бірдей спорт залы қарастырылған.

Алтынай Құсайынова, Шымкент қаласы №69 жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Наурыз айында берілсе бізге, осы мектепті өте қатты күтіп отырмыз. Ата-аналар да, біздер де. Неге десеңіз, бұл мектепке спорт залымыз, акт залымыз, үш ауысымды - барлығы шешіледі.

Бұдан бөлек, Шымкенттегі тағы 8 мектепте спорт залы жоқ. Оның алтауы 2014 жылы қала аумағына енгізілген үш ауданнан қосылыпты.

Пазылхан Асауов, Шымкент қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

Әрқайсысына өз алдына спорт залды бөліп салу - бізге тиімсіз. Одан да тиімдірегі жалпы типтік мектеп салған кезде спорт залы бар, акт залы бар, шеберханасы бар типтік үлгідегі салынған ғимарат бізге тиімді болып келеді. -Несімен? - Ол қаржы үнемдеуімен тиімді болып келеді. 

Мамандар бұл мәселе 2020 жылға дейін шешіледі деп отыр. Олардың кейбірінде қосалқы ғимарат салынса, енді бірінде жаңа мектеп бой көтермек.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ