$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шекара режимі жөніндегі заң мақұлданды

AstanaTV
20.04.2023ж. 12:00
1332
Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шекара режимі жөніндегі заң мақұлданды

Сенат депутаттары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялады.

Сенат депутаты Әлішер Сатвалдиев Заңның мақсаты 2021 жылғы 25 қазанда Ашғабат қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан – Түрікмен мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау екенін мәлімдеді.

"Заң мемлекеттік шекарада Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы қатынастардың құқықтық негізін белгілеуге және реттеуге бағытталған. Келісімде Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимін белгілеу және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін одан әрі нығайту көзделеді", – деді ол.

Келісімнің нормаларына сәйкес Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі шекарада және шекара маңы белдеулерінде әрекет ететін қағидаларда айқындалады, ол мынадай:

Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасын күтіп-ұстау;

адамдардың, көлік құралдарының Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасын кесіп өтуі және ол арқылы жүктерді және өзге де мүлікті өткізу;

Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және өзге де мүлікті өткізу;

Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасы мен шекара белдеулерінің үстінен ұшуларды жүзеге асыру;

Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасында, шекаралық белдеулерде, сондай-ақ шекаралық сулар шегінде шаруашылық, кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени және өзге де іс-шараларды өткізу (оның ішінде оларды пайдалану); шекаралық оқыс оқиғаларды шешу тәртібі.

Келісім мерзімсіз болып саналады және тараптардың біреуі дипломатиялық арналар арқылы екінші тарапқа оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша нысанда хабардар еткенге дейін қолданылады.