Синоптиктер жұма, 21 сәуірде ел аумағы мен Қазақстанның ірі қалалары – Астана, Алматы, Шымкентте ауа райы қандай болатынын болжады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Қазгидромет" РМК-ның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Метеорологтардың мәліметінше, Қазақстанның солтүстігі, орталығы және оңтүстік-шығысы әлі де ауқымды антициклонның ықпалында болғандықтан, бүгін бұл өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Ал республиканың батысында, солтүстік-батысында, қиыр шығысында жаңбыр, қиыр солтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) түсуі ықтимал.
Сондай-ақ бүгін республика бойынша желдің күшеюі, еліміздің солтүстік жартысында тұман, оңтүстігінде, оңтүстік-батысында және батысында шаңды дауыл, түнде және таңертең солтүстігінде көктайғақ, күндіз солтүстік-батыста және оңтүстік-батыста найзағай күтіледі.
Бұдан бөлек, түнде Жетісу облысының басым бөлігінде 1-6 градусқа дейін, Жамбыл облысының таулы аудандарында 1-3 градусқа дейін, Алматы облысында топырақ бетінде 1-3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Синоптиктердің болжамынша, бүгін Алматы қаласында жауын-шашын жаумайды. Алайда күн көшпелі бұлтты болады. Күндіз +14...+16 градусқа дейін жылы болса, түнде +2...+4 градусқа дейін төмендейді. Желдің жылдамдығы 0-5 м/с.
Астанада да жұмада жауын-шашын күтілмейді.Күндіз +6..+8 градусқа дейін жылы болса, түнде -3..-5 градусқа дейін суытады. Желдің жылдамдығы 1-6 м/с.
Ал Шымкентте бүгін күндіз +21...+23 градусқа дейін жылы болады деп күтілуде. Түнде ауа температурасы +8...+10 градусқа дейін төмендейді. Күндіз үшінші мегаполисте жауын-шашын күтілмейді. Желдің жылдамдығы 5-10 м/с.