$514.93 €536.04 ₽5.18
×

"Жержаңғақ-өте қауіпті"

AstanaTV
21.04.2023ж. 15:00
1490
"Жержаңғақ-өте қауіпті"

Алматы облысында бөгде затты жұтып қоятын бүлдіршіндер саны көбейіп барады,-деп жазады Sputnik Қазақстан.

Алматыдағы "Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығында" жылына ең аз дегенде 500-ден астам бөгде зат жұтып қойған бала емделіп шығады.

"Былтыр асқазаннан 35, өңештен 95, ал өкпеден 32 бөгде зат алынды. Олардың 80-90 пайызы тиын жұтып қояды. Көлемі әртүрлі, 5 тиыннан бастап 50-100 теңгеге дейін. Ойыншықтар, сырға-сақиналар жұтады. Ең қауіптісі таблетка батарейкалар. Өйткені ол өңеште жабысып тұрып қалып, сол жерде қышқыл бөледі. Өңешті күйдіріп тастайды, оны алу да өте қиын. Оны алғанның өзінде өңеш тыртықтанып қалады", - дейді дәрігер-хирург Мұрат Дүйсебаев.

Кез келген күйген ағзада тыртық қалады. Мұндай тыртық өңештен ас өтпей қалады. Батарейка жұтқан баланы емдеп жазудың да машақаты көп дейді дәрігер.

"Ал өкпеге кететін бөгде заттың 80 пайызы-жержаңғақ. Балалар оны шайнамай жұтып қояды. Жержаңғақтың өкпеге бірден кетіп қалатын себебі ол кішкентай, өкпеге баратын тесіктен тез өтіп кетеді. Өкпеге кеткен затты алмаса, іріңдеп қабынады. Жержаңғақты балаларға беруге болмайды", - дейді Мұрат Талғатұлы.


Бөгде заттарды еңбектей бастағаннан 3 жасқа дейінгі аралықтағы балалар жұтып қояды. Әсіресе 9 ай мен 3 жас ең қауіпті кезең. Бала қарақұлақтана бастағанда ата-ана қосымша тамақ бере бастайды. Сондай кезеңде алма мен сәбізге қақалып, өкпесіне кетіп, ауруханаға түсетін балалар саны да аз емес. Дәрігерлердің айтуынша, бөгде заттарды әсіресе ұл балалар көп жұтып қояды.

"Тиын жұтып қойса, үлкен дәретімен шығып кетеді деп ата-аналар көңіл бөлмейді. Бірақ үш жастағы бала 50-100 теңге жұтып қойса, ол ағзада қалып қояды, оған міндетті түрде ота жасау керек. Бізге бір бала келді, жасы тоғызда. Нардының ағаштан жасалған дөңгелек тасын жұтып қойған. Анасы ағзадан алынған затты алып кеткен, үш ай өткен соң бала сол тасты қайта жұтып қойған, тағы да алып бердік", - дейді хирург-дәрігер.

Ата-аналардың көпшілігі баласының тиын немесе бөгде зат жұтып қойғанын білмей де қалады. Уақыт өте келе бала құсып, жағдайы нашарлай бастағанда ғана дәрігерге жүгінеді.



"Бір баланың өңешінен ойыншық алып шықтық. Ал келесі бір бес жастағы бала өңештегі батарейкамен үш ай жүрген. Бала құса бастаған, барып өкпесін тексерткен. Өкпесі таза, еш жерінде ақау жоқ. Содан қайта-қайта ауруханаға барып жүріп, мойнын да жәй көре салайық деп ойлаған. Сол кезде ғана өңеште тұрған батарейканы көрген", - дейді маман.

Мұрат Талғатұлының айтуынша, өкпеге кеткен бөтен затпен балалар тіпті жылдап жүре беретін көрінеді. Барлығы ата-ананың еренсіздігі дейді ол.

"Бұл статистика мүлдем азаймай тұр. Қаншама айтып жатырмыз, дабыл қағып жатырмыз, бірақ бөгде зат жұтып қоятын балалар саны тым артып барады. Себеп – ата-аналардың балаға қарамауы, сосын ұялы телефон. Телефонға телмірген көпшілік ата-ананың балаға қарауға уақыты жоқ", - дейді дәрігер-хирург Талғат Дүйсебаев.

Бұл ауруханада өкпесінен түйрегіш те, тас та алынған балалар емделіп шыққан.

"Магнит ойыншықтарды да алған кезіміз болды. Мысалға моншақ сияқты магнит ойыншық бар, бір-біріне жабысып тұратын. Бала біреуін жұтады, екіншісін жұтады, ол ішектің немесе асқазанның әр жеріне барып тұрып қалады. Сосын бір-біріне ана магнит тартылады. Салдарынан баланың магнит тұрған ішкі ағзасы тесіліп түседі", - дейді балалар дәрігері.