$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Тобыл-Торғай өңіріндегі жолдардың 30%-ға жуығы жарамсыз

21.04.2023ж. 20:00
874
Тобыл-Торғай өңіріндегі жолдардың 30%-ға жуығы жарамсыз

Тобыл-Торғай өңіріндегі жолдардың отыз процентке жуығы ойдым-ойдым. Әсіресе шалғайдағы ауылдарға апаратын сар жол шұрық-тесік. Қаланың қара жолы да қалың көпшіліктің көңілін көншітпей отыр. Мәселе қашан шешіледі? Жауаптылардан тілшіміз Заңғар Санай жауап алды.

Қалаға көлікпен қатынап жұмыс істейтін Әбіл Сарымсақов сапасыз жолдың азабын тартып жүргенін айтады. Талай рет көлігі зақымданған.

Әбіл САРЫМСАҚОВ, ЖҮРГІЗУШІ:

Асты, моторы тиеді. Ходовкасы істен шығады. Дөңгелектер үнемі жарылады. Қазіргі кезде резина да арзан емес. Біреуі отыз мың шығады.

Өткен жылы бірнеше өңір тұрғыны сотқа жүгініп, тиісті мекемелерден көлік шығынын өндіріп алыпты. Ескіні айтпағанның өзінде жаңа жолдардың сапасы сын көтермейді. Былтыр төселген асфальттің отыз пайызы ойылып, кең жолдың кемшін тұстары анықталды.Облыс бойынша 148 нысанға 790 ескерту жасалған.

Рафис ЗИНЕТОВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

Республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың барлығынан кемшіліктер анықталды. Осының бәрі техникалық қадағалаудың осалдығынан деп ойлаймыз. Өйткені екі нысанның бірінде қадағалаушы маман жоқ. Соның салдарынан жол сапасыз салынады.

Бауыржан ҚАСЫМХАН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Жүргізуші жолдың сапасыздығынан өз көлігін зақымдап алса, сол кезде полиция қызметкерлерін шақыру керек. Қазіргі таңда қанша жүргізуші осы бағыт бойынша полицияға жүгінгендігі туралы статистикалық мәлімет өкінішке қарай жоқ.

Биыл Қостанайдағы 156 аулаға асфальт төселіп, алты көшеге орташа, тағы бірнешеуіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Қала жолдарын қалыпқа келтіруге қазынадан 3 миллиардтан астам ақша бөлініп отыр. Ал облыстық маңызы бар жолдарға одан он есе көп қаражат қарастырылған. Айтпақшы Ахаңның ауылына апаратын батпақ жолға қиыршық тас төселеді. 57 шақырымға.

Болат СЕЙДАХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

37,3 миллиард теңге бөлінді. Биылғы жылы жоспарлап отырмыз, 461 шақырымға орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Қостанай облысындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 7500 шақырымнан асады. Қара жолдың 85 проценті жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда дейді тиісті мекеме өкілдері. Қалған тұсы осындай шұрық-тесік күйде. Оның қашан жөнделетіні белгісіз.